Облыс әкімі ет комбинатының құрылысымен танысты
Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Жаңасемей ауданы Достық ауылдық округіндегі «Eurasia Agro Semey» ЖШС-нің салынып жатқан ет комбинатында болды.

Жобаның жалпы инвестиция көлемі 7,7 млрд теңге. Құрылыс жұмыстары өткен жылы басталған. Нысанды тамыз айында пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Жоба толық іске қосылғаннан кейін 250 жаңа жұмыс орны ашылады.

Аймақ басшысы өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін кәсіпорындарды көбейту маңызды екенін атап өтті.
«Ет комбинатының орыны өте жақсы таңдалған. Облыс орталығынан 60-ақ шақырым жерде.
Су, жол, электр қуаты бар. Облыс қана емес, Республика деңгейінде мұндай ауқымды ет комбинаты жоқ. Бұрынғы Семей ет комбинатының брендін енді осы инвестор қайта жаңғыртамын деп отыр. Біз оған үлкен сенім білдіреміз. Оның үстіне бұл қалдықсыз өндіріс болады. Сондай-ақ сүйек майы алынып, терісі де өңделетін болады. Мердігерге құрылыс қарқынын бәсеңдетпей, мерзімінде аяқтауды тапсырамын», — деді Берік Уәли.АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ