«Үш бірдей аурухана көмек көрсете алмады»
Әйелдің туыстары дәрігерлерді айыптады. Алматыда жүкті әйел мен сәбиінің қазасы бойынша дәрігерлердің әрекетіне қатысты дау туындады.
31 жастағы Анна Ефеменко жүктіліктің 7-айында болған. Туыстарының айтуынша, ол үйінде кенеттен есінен танып қалып, кейін жақындары оны алдымен ГРЭС ауданындағы ауруханаға жеткізген. Алайда олар онда науқасқа дер кезінде шұғыл көмек көрсетілмей, тек тамшы дәрі (капельница) тағайындалғанын айтады.
Содан кейін отбасы әйелді Алматыдағы №4 перзентханаға өздері апарған. Жақындарының сөзіне қарағанда, сол жерде бірнеше сағат бойы тексерулер жүргізіліп, талдаулар алынған және УЗИ жасалған. Дәрігерлер жағдайды нақтылау үшін әріптестерімен онлайн кеңескені де айтылған. Осы уақыт ішінде әйелдің жағдайы нашарлаған.
Тек таңға қарай оны қалалық перинаталдық орталыққа ауыстырған. Сол жерде шұғыл түрде кесарь тілігі жасалғанымен, нәрестені аман алып қалу мүмкін болмаған. Кейін анасы комаға түсіп, бірнеше күн реанимацияда жатқаннан кейін қайтыс болған.
Қазір марқұмның туыстары уақыт жоғалтылды, медициналық көмек дұрыс көрсетілмеді деп санап, толық тергеу жүргізуді талап етіп отыр.
Ал қалалық денсаулық сақтау басқармасы бұл жағдай бойынша қызметтік тексеріс жүріп жатқанын хабарлады. Ресми органдардың айтуынша, пациентке қажетті медициналық көмек көрсетілген, бірақ нақты өлім себебі мен дәрігерлердің әрекетіне баға беру үшін сот-медициналық сараптама нәтижесі керек.
https://politico.kz/kz/article/ush-birdey-auruhana-komek-korsete-almady-almatyda-ayel-men-sabi-koz-zhumdy?fbclid=IwY2xjawR62H9leHRuA2FlbQIxMQBzcnRjBmFwcF9pZBAyMjIwMzkxNzg4MjAwODkyAAEeWtK0_iEzzs4598Mc5CkaZ4gYQg_cZULSRS0tYOHyhIlC20WOf0Kn1GFs1CI_aem_vQL0mbjR8BIiOVOe2NsjQQ