Облыс әкімінің бірінші орынбасары Жуалыдағы құрылыс нысандарын аралады
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Сәбитұлы Календеров Жуалы ауданына арнайы жұмыс сапарымен келіп, бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың құрылыс жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Жұмыс сапары барысында алдымен Нұрлыкент ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің (ФОК) құрылыс алаңы араланып, нысанның қазіргі жай-күйі, атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар қаралды. Нысан бойынша аудан әкімінің орынбасары Қайрат Жатқанбаев баяндама жасап, құрылыс жұмыстарының барысымен таныстырды.
Сапар аясында Б.Момышұлы ауылындағы «Боранды» станциясы маңында жүргізіліп жатқан автокөлік құралдарының өтуіне арналған жасанды құрылыс нысаны да назардан тыс қалмады. Теміржол бойындағы су өткізгіш темірбетон құбыры жанынан салынып жатқан нысанның халық үшін маңызы зор екені атап өтілді.
Сондай-ақ облыс әкімінің бірінші орынбасары «Боранды» станциясы вокзал ғимаратының құрылыс жұмыстарымен танысып, нысанның сапалы әрі уақытылы пайдалануға берілуі қажеттігін айтты.
Жұмыс сапарының соңында Мыңбұлақ ауылдық округіне қарасты Көлбастау ауылындағы ауыз су құрылыс нысаны қаралды. Жауапты сала мамандарына тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жүйелі жалғастыру тапсырылды.
Жұмыс сапары барысында барлық нысандардың құрылыс сапасы, мерзімі және халыққа тиімділігі басты назарда болды.
АҚПАРАТ ЖӘНЕ Фото: Jambylinfo.kz