Қазақстанда несие алушының табысына қарай қарыздың шекті мәні енгізіледі

0 50
Ұлттық Банк 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қарыз алушының кірісіне қатысты борыш коэффициентінің (КБК) шекті мәнін белгілеуді жоспарлап отыр.

Тиісті өзгертулер Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің «Макропруденциялық нормативтер мен лимиттерді, олардың нормативтік мәндерін және есептеу әдістемесін белгілеу туралы» Басқарма қаулысы аясында әзірленді.

«КБК реттеушілік практикаға 2024 жылғы тамызда енгізіліп, қазірге дейін мониторингтік кезеңде қолданылып келеді. Көрсеткіш қарыз алушының өтелмеген барлық қарызы мен микрокредиті, оның ішінде жоспарланып отырған жаңа қарыз бойынша жиынтық берешегінің оның жылдық кірісіне қатынасын білдіреді. Аталған құрал қарыз алушының өз міндеттемелеріне уақытылы қызмет көрсету қабілетін бағалауға мүмкіндік береді», – деп мәлімдеді Ұлттық Банк.

Басқаша айтқанда, КБК қарыз алушының берешек мөлшерін оның жылдық кірісінің саны арқылы көрсетеді. КБК-ның жоғары мәні борыштық жүктеменің ұлғайғанын және қарыз алушының төлем қабілетіне қатысты қауіп артқанын білдіреді. Қолданыстағы қарыз алушының борыштық жүктеме коэффициенті (БЖК) сияқты, КБК да қарыз беру туралы шешім қабылданғанға дейін есептеледі.

Ұлттық Банк 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қарыз алушының жалпы берешегі бойынша КБК-ның шекті деңгейін жылдық 8 табыс көлемінде белгілеуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар, реттеуші автонесиелеу, ипотекалық және тұтынушылық қарыздар сегменттерін жеке кредит түрлері бойынша шектеулер белгілемей-ақ мониторингтеуді жалғастырады.

Бөлшек кредиттеу сегментінде сын-қатер күшейген жағдайда Ұлттық банк КБК-ның жалпы деңгейін өзгертуге құқылы.

КБК қалай есептеледі? 

КБК = (ӨҚБС + ЖБС) / ҚЖЖК)

КБК — қарыз алушының кірісіне қатысты борыш коэффициенті

ӨҚБС — қарыз алушының барлық өтелмеген қарыздары мен микрокредиттері бойынша берешек сомасы

ЖБС – қарыз алушының жаңа берешек сомасы

ҚЖЖК – қарыз алушының орташа айлық кірісінің 12 (он екіге) көбейтіліп есептелетін, қарыз алушының жылдық жиынтық кірісі

Аталған шараларды іске асыру халықтың шамадан тыс борыштық жүктемесінің қалыптасуына жол бермеуге және несие нарығының тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Еске салсақ, Ұлттық банк қазақстандықтардың табысынан артық қарыз алуына тыйым салуды жоспарлап отырғанын жазғанбыз.

Қазақстанда азаматтардың несиеге қолжетімділігін тікелей олардың табысына байланыстыратын жаңа көрсеткіш – «қарыздың табысқа қатынасы коэффициентін» (ҚТҚ) енгізуді жоспарлануда. Яғни, егер адамның табысы жеткіліксіз болса, оған несие берілмейді.

Stan.kz
Фото: depositphotos.com
Leave A Reply

Your email address will not be published.