Таразда Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы Үйлестіру кеңесінің көшпелі отырысы өтті
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев қатысқан Үйлестіру кеңесінің көшпелі отырысына қатысты.

Басқосу барысында азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудің өзекті мәселелері кеңінен талқыланды. Сонымен қатар мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттары арасындағы өзара іс-қимылды дамыту, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытындағы жұмыстар сараланды.

Өңір басшысы өз сөзінде әділетті қоғам қалыптастыру, азаматтардың мемлекетке деген сенімін нығайту және құқықтық мәдениетті дамыту – баршаға ортақ міндет екенін атап өтті.
Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, өңірде жұмыссыздық деңгейін төмендету, әлеуметтік қолдау шараларын күшейту және халықтың табысын арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Бұл міндеттер аймақ дамуының негізгі басымдықтарының бірі болып қала береді.
Жиында омбудсмен Артур Ластаев азаптауға, қатыгездікке, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын қарым-қатынас пен жазаға қарсы іс-қимыл туралы арнайы баяндама жасады.
Сондай-ақ, Үйлестіру кеңесінің отырысында қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі сотталғандардың құқықтарын қорғау, ішкі істер органдарының арнайы мекемелері мен халықты әлеуметтік қорғау ұйымдарындағы азаматтардың жағдайы, арнайы білім беру ұйымдарындағы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері бойынша баяндамалар тыңдалды.
Отырыс қорытындысы бойынша адам құқықтарын қорғау саласындағы өзара іс-қимылды жетілдіру және көтерілген мәселелер бойынша нақты шараларды жалғастыру жөнінде ұсыныстар айтылды.