Шымкентте өз балаларын үтікпен күйдіріп, азаптаған әйелге сот үкімі шықты
Судья прокурор сұраған жазадан да қатаң шешім қабылдады.
Сот отырысының қорытындысы бойынша, судья прокурор сұраған жазадан да қатаң шешім қабылдап, айыпталушы әйелді 5 жыл 3 айға колонияға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, сотталушы 8 жасар ұлының шылым шеккенін біліп, оны соққыға жыққан және аузын қызған шанышқымен күйдірген. Осы оқиғадан екі күн өткен соң, балаларын «10 мың теңге ұрлады» деп күдіктеніп, ұлының бетін және 11 жасар қызының ішін ыстық үтікпен басқан. Мұнымен қоймай, ол ағалы-қарындасты шаштарын тақырлап алып тастап, мұздай өзенге секіруге мәжбүрлеген әрі қылқындыра бастаған. Құқық қорғау органдары кәмелетке толмаған балалардың денесінен ауыр жарақаттар мен психологиялық зардаптарды анықтап, ресми түрде тіркеді.
Сот процесі барысында мемлекеттік айыптаушы әйелді 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айыруды сұраған болатын. Балалардың заңды өкілі сотталушыға кешірім берген, ал айыпталушының өзі жасаған ісіне өкініп, соттан өзін бостандықта қалдыруды өтінді. Алайда сот бұл жазаны тым жеңіл деп есептеп, бас бостандығынан айыру туралы нақты үкім кесті. Қазіргі уақытта зардап шеккен балалар мемлекеттің қарауына және қамқорлығына алынған.
Сотталған әйел шығарылған үкіммен үзілді-кесілді келіспейтінін мәлімдеп, оқиға кезінде күйзелістен өзін бақылай алмағанын алға тартты. Ол өз сөзінде ұзақ уақыт бойы күйеуі мен туыстары тарапынан қысым көріп, қорлыққа тап болғанын айтты. Әзірге сот үкімі заңды күшіне енген жоқ, сотталушы мен оның жақындары бұл шешімге қарсы апелляциялық шағым түсіруге ниетті екендіктерін жеткізді.
Kursiv.media