Қордай шеберлері «Аламан құрақ – IV» жобасында алтын медаль иеленді
Өскемен қаласында өткен «Ғасырлар дәстүрі» халықаралық сәндік-қолданбалы өнер және кілем тоқу фестивалі аясындағы IV халықаралық ұлттық-мәдени «Аламан құрақ – IV» жобасына Қордай ауданының қолөнершілері де белсене қатысты.
Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 789 қолөнерші ұзындығы екі шақырымнан асатын алып құрақ көрпе тігіп, халықаралық рекорд орнатты. Ауқымды жобаға қатысқан қордайлық сегіз тігінші қазақтың ұлттық өнерін дәріптеп, бай мәдени мұрасын кеңінен насихаттады.
Жобаға қатысқан шебер Әлия Чолпонкулованың айтуынша, бұл шара ұлттық өнердің өміршеңдігін көрсетіп қана қоймай, ұрпақтар сабақтастығын нығайтатын ерекше рухани алаңға айналған. Нәтижесінде қолөнершілер алтын медаль иеленіп, үлкен мәртебемен оралды.