Облыс әкімі Семейдегі бірқатар құрылыс нысандарын аралады
Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Семей қаласындағы бірқатар құрылыс нысандарының жәй-күйімен танысты. Аймақ басшысы алдымен ескі автогуж көпірінің жанында салынып жатқан жаңа көлік өткелінің құрылысын көрді.

Қазір құрылыс жұмыстарының 65 пайызы аяқталған. Жоба аясында 9 тірек орнатылады. Оның 8-і тұрғызылған. 9 мың тонна металл конструкцияның 4,3 мың тоннасы монтаждалған. Жоғарғы металл аралық құрылымның 418 метрі орнатылды.

Құрылыс барысында осы уақытқа дейін 27 млрд теңге игерілген. Биыл жергілікті бюджеттен 2 млрд теңге бөлінді.
Облыс әкімі құрылыс сапасын қатаң бақылауда ұстап, жұмысты белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.

«Бұл көпірді былтыр ҚХР гранты есебінен аяқтау жоспарланған болатын. Кейін жобаны қаржыландыру тетіктеріне өзгерістер енгізіліп, қажетті 17,5 млрд теңге Үкіметтен бөлінетін болды. Президенттің тапсырмасымен салынып жатқан әрі оның тікелей бақылауында тұрған бұл көпірді биыл пайдалануға беруіміз қажет. Сондықтан ешқандай сылтау қабылданбайды Жұмыс қарқынын бәсеңдетпеу керек», — деді Берік Уәли.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ