Желіде ҰБТ сұрақтары “тарап кеткені“ рас па?
Әлеуметтік желілерде «ҰБТ-дан өткізіп береміз», «грант алып береміз» немесе «тест сұрақтарының жауабы бар» деген хабарламалар тарап жатыр. Ұлттық тестілеу орталығы бұл алаяқтардың ісі екенін айтып ескертті.
Осыған байланысты түлектер мен олардың ата-аналарына күмәнді ақпаратқа сенбеуге және алдаудың құрбаны болмауға кеңес берілді.
«Әр тестіленушіге жеке тест нұсқасы қалыптастырылатынын еске саламыз. Осыған байланысты желіде «таралатын» материалдары нақты тест тапсырмаларымен сәйкес келеді деген пікір шындыққа жанаспайды», — деп мәлімдеді орталықтан.
Тест материалдарын заңсыз таратуға қатысты барлық деректер анықталған жағдайда, уәкілетті органдармен бірлесіп тиісті шаралар қабылданады. Сондай-ақ, тест тапсырмалары — Ұлттық тестілеу орталығының зияткерлік меншігі және оларды заңсыз жариялау мен тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеледі.
«ҰБТ-ға тек өз біліміңізге сүйеніп дайындалуға шақырамыз. Академиялық адалдық принциптерін бірге сақтайық», — деп толықтырды орталықтағылар.
Мән-жай
10 мамырда Қазақстанда негізгі ҰБТ басталды, ол 10 шілдеге дейін жалғасады. Тестілеуге қатысу үшін 240 мыңға жуық талапкер өтініш берді.
ҰБТ форматы өзгеріссіз қалады. Талапкерлер үш міндетті және өз таңдауы бойынша екі бейіндік пән тапсырады. Тапсырмалардың жалпы саны өзгермейді және 120 болады. Оның ішінде 20 тапсырма «Қазақстан тарихы» пәніне, 10 тапсырмадан «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылыққа», сондай-ақ әрбір екі бейіндік пән бойынша 40 тапсырмадан беріледі. ҰБТ-ның ең жоғары мүмкін нәтижесі — 140 балл.
Тестілеуге бөлінетін уақыт — 4 сағат (240 минут). Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін қосымша 40 минуттық уақыт сақталады.
Massaget.kz тілшісі.
Фото: gov.kz