Қасым-Жомарт Тоқаев: «Түркі тілдеріне ортақ терминологиялық негіз қалыптастыру қажет»

0 39

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде түркі халықтарының ғылыми және мәдени байланысын нығайту үшін ортақ терминологиялық кеңістік қалыптастырудың маңызын атап өтті.

Мемлекет басшысының айтуынша, технологиялық даму мен гуманитарлық ықпалдастық дәуірінде түркі тілдеріне ортақ терминологиялық негіз жасау – уақыт талабы. Бұл бастама ғылым, білім және инновация салаларындағы өзара түсіністікті арттырып, ортақ ғылыми кеңістікті дамытуға мүмкіндік береді.

Президент жуырда Түркі академиясы ағылшын, орыс және түркі тілдерінде сегіз томдық терминологиялық сөздік шығарғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл еңбек ғылыми терминдерді біріздендіріп, түркі елдерінің зияткерлік ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтереді.

Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев ұйымға мүше елдердің профильдік мекемелері мен ғылыми сарапшылары қатысатын Мемлекетаралық терминологиялық комиссия құруды ұсынды. Бұл құрылым түркі тілдерінің ғылыми әлеуетін күшейтіп, ортақ терминологиялық қорды жүйелі түрде дамытуға жол ашады.

Президент сондай-ақ Қазақстанның Түркі мемлекеттері ұйымын жан-жақты дамытуға мүдделі екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, ұйымның халықаралық беделі артып, әлемдік қауымдастықтың сенімі күшейіп келеді.

Мемлекет басшысы Қазақстанның Ресейдің «Алтай – түркі өркениетінің бесігі» жобасын қолдайтынын және «Алтай сұхбат алаңы» форумын құру жөніндегі ұсынысын жариялағанын айтты.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия ұсынған «Түркі мемлекеттері ұйымы +» форматын құру бастамасын Қазақстан толық қолдайтынын жеткізді. Президенттің пікірінше, бұл формат ынтымақтастық аясын кеңейтіп, ұйымның халықаралық ықпалын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге жаңа форматқа қосылуға ниет білдірген мемлекеттер мен ұйымдарға қатысты нақты әрі айқын өлшемдер белгіленуі қажет.

BAQ-Orda

Leave A Reply

Your email address will not be published.