Елімізде алғаш рет ұйымдастырылған «Ұлы Ана» республикалық байқауы өз мәресіне жетті.
Қазақ мәдениетінде ана бейнесі отбасының рухани әрі әлеуметтік құрылымында ерекше орын алады. Ана тәрбиесі арқылы ар-ұят, намыс, үлкенге құрмет, ата-бабаға тағзым, туған жерге сүйіспеншілік және Отан алдындағы жауапкершілік секілді асыл құндылықтар ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. Ана болмысы – қоғам тұрақтылығының негізі, ал ана тұлғасы – моральдық бедел мен мәдени мұраның сақтаушысы.
Аталған байқаудың мақсаты – дәстүрлі отбасылық құндылықтарды сақтау және насихаттау, ұрпақтар сабақтастығын нығайту, жастардың мәдени-адамгершілік тәрбиесін қолдау, әйел-ана бейнесінің жағымды қоғамдық үлгісін қалыптастыру, сондай-ақ аналардың білім беру, мәдениет, спорт және азаматтық қоғамды дамыту салаларына қосқан үлесін қоғамдық тұрғыда дәріптеу.
Осы орайда, республикалық байқауға Сарысу ауданы ішкі саясат бөлімінің қолдауымен көпбалалы ана, өнегелі тәрбие беріп отырған, балалары білім мен тәрбие саласында жоғары жетістіктерімен танылған үлгілі ата-ана Ташкеева Ляззат Баймырзақызы қатысып, ауданымыздың абыройын республикалық деңгейде танытуға өз үлесін қосты.
Кеше «Анаға тағзым» орталығында «Анаға құрмет» республикалық байқауының Жамбыл облысы бойынша жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Медальді ҚР Президент жанындағы Отбасылық -демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, Республикалық Аналар кеңесінің төрағасы Нәзипа Ыдырысқызы Шанаи табыстады.
Ана қадірін ұлықтап, отбасы құндылықтарын нығайтуға, ұрпақ тәрбиесі арқылы қоғамның рухани тұтастығын қалыптастыруға қосқан елеулі үлесі үшін Ташкеева Ляззат Баймырзақызы «ҰЛЫ АНА» медалімен марапатталды. Бұл марапат – ананың қоғам алдындағы еңбегіне берілген жоғары баға.
Қоғамда беделге ие, ұрпақ тәрбиесі мен рухани-адамгершілік құндылықтарды дамытуға өлшеусіз үлес қосып жүрген барша аналарымызға амандық, отбастарына бақ-береке тілейміз.