ЖЕҢІС ЖАҢҒЫРЫҚТАРЫ
«Дүниені дүр сілкіндірген Ұлы Отан соғысындағы жеңісті жақындатқан ата-апаларымыздың ерлік істері мәңгі өлмейді. Адамзат тарихында алапат қасірет әкелген осынау отты жылдардағы зобалаңның салмағының ауыр болғанын, бүгінгі ұрпақ ешқашан да ұмытпауы тиіс.

Ұлы Жеңісті жақындатуға атсалысқан абзал арыстарымыздың майдан даласында ерлігі мен отандастарымыздың тылда қосқан еңбегі өлшеусіз. Аталарымыздың ардақты ісін бүгінгі ұрпақ лайықты табыстармен жалғастырып келеді.

Омырауларында жарқыраған орден-медальдарын тағып анадайдан көзге оттай басылатын ардагер аталарымыздың қатары жыл санап сиреп барады. Біздің бейбіт өміріміз үшін қан майданда ерліктің өшпес үлгісін көрсеткен батыр бабаларымызға мәңгілік тағзым!

Адамзат тарихындағы ең сұрапыл кезең — Екінші дүниежүзілік соғыста Қазақстан халқы майдан даласындағы ұрыстарға ерлікпен араласып, тылда да тынымсыз еңбекпен жеңіс жолын барынша жақындатты.

Сол тұстағы Қазақ даласындағы әрбір отбасы соғыс ауыртпалығынан тыс қалған емес. Шартарапты шарпыған соғыс әрбір ауылдағы әрбір шаңыраққа қаралы ізін қалдырды.
Биыл Ұлы Жеңістің 81 жылдығы еліміз бойынша аталып өтуде. 9 мамыр — Жеңіс күні мерекесіне орай, қаламыздағы «Даңқ» монументінде гүл қою шарасы өтті.

Сарысу ауданы