ЕЛ ҚОРҒАНЫ — ЕЛ ТІРЕГІ
7 мамыр – Отан қорғаушылар күні – елдің тыныштығы мен тұтастығын күзеткен ерлерге көрсетілер құрметтің айрықша күні. Осы атаулы мерекеге орай Б.Момышұлы ауылындағы орталық алаңда өткен салтанатты іс-шара елдік рухты асқақтатып, патриоттық сезімді тереңдеткен тағылымды кеш болды.

Көктемнің шуақты күнімен қатар келген мерекелік жиын халықтың көтеріңкі көңіл күйімен басталды. Жүргізушілер Отан алдындағы борыштың қасиеті мен маңызын атап өтіп, бұл күннің батырлық пен антқа адалдықтың символы екенін жеткізді.
Салтанатты сәттердің бірі – Мемлекеттік Тудың көтерілуі мен Әнұранның шырқалуы болды. Бұл көрініс жиналған жұрттың жүрегіне ерекше толқу сыйлады.
Мерекелік шарада аудан әкімі Мұртаза Жалғас Әлижанұлы құттықтау сөз сөйлеп, ел қауіпсіздігі жолында еңбек етіп жүрген азаматтарға алғыс білдірді. Сондай-ақ аудандық мәслихат төрағасы Бүрлібаев Зиядхан Рымбекұлы да ізгі лебізін жеткізді. Бірқатар азаматтар марапатталып, олардың еңбегі жоғары бағаланды.

Шараның көркем бөлімінде «Қызғалдық» ансамблінің патриоттық әндері орындалып, көрермендерге ерекше рух сыйлады.
Бұл мерекелік іс-шараға 91678 сәскери бөлім мен “Ақсуат” және Бауыржан Момышұлы шекара заставаларының сарбаздары да қатысып, салтанаттың ажарын аша түсті.
Отан қорғаушылар күні – бейбіт өмірдің қадірін ұғындыратын, ел қорғаған ерлердің еңбегін ұлықтайтын қасиетті мереке.