Ербол Қарашөкеевтің құттықтауы

0 56

Құрметті жамбылдықтар!
Қадірлі Отан қорғаушылар, әскери қызметшілер және ардагерлер!
Сіздерді 7 мамыр – Отан қорғаушы күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл – ерлік пен елдік тоғысқан, батырлық пен парасат қатар өрілген айрықша мереке.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, Отанға адал қызмет ету – әрбір азаматтың перзенттік парызы. Бұл тек әскери міндет қана емес, ол – жүректің таңдауы, рухтың беріктігі, елге деген шынайы сүйіспеншіліктің айқын көрінісі.
Сіздер тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайтып, бейбіт өмірдің берік қалқанына айналып, халық сенімін абыроймен арқалап келесіздер. Қырағылық пен сергектікке, тәртіп пен төзімге негізделген күнделікті қызметтеріңіз – ел қауіпсіздігінің кепілі. Осындай қажырлы еңбектің арқасында шекарамыз мығым, аспанымыз ашық, халқымыздың еңсесі биік.
Бұл орайда бабалар аманатына адал болу – бүгінгі буынның қасиетті міндеті. Айбынды армиямыз осы ұлы жолды жалғап, ерлік дәстүрін жаңғыртып, жас ұрпаққа үлгі болып келеді. Қай заманда да ел қорғаған ерлердің есімі халық жадында мәңгі сақталады. Өйткені Отан үшін жасалған әрбір іс – ұлт тарихында алтын әріппен жазылады.
Осы мерейлі күні баршаңызға зор денсаулық, қайсар рух, темірдей тәртіп пен мызғымас ерік-жігер тілеймін! Отбасыларыңыз аман болып, еңбектеріңіз еленіп, абырой-беделдеріңіз арта берсін!
Еліміздің іргесі берік, тыныштығымыз баянды болып, көк байрағымыз әрдайым асқақтай берсін!
Мереке құтты болсын!

Leave A Reply

Your email address will not be published.