Ер адам 93 мың теңге үшін әпкесінің сүйегін қазып алып, банкке апарған

0 20

Үндістанның Одиша штатындағы Кендуджхар округінде жергілікті тұрғын қаңтар айында қайтыс болған әпкесінің сүйегін қазып алып, банкке барған. 

Daily Star мәліметінше, жантүршігерлік жағдай 27 сәуірде Малипосы ауылында тіркелді. Көшедегі адамдар иығына матаға оралған сүйекті көтеріп бара жатқан ер адамды көрген. Ол банк бөлімшесінің есігіне дейін жетіп, сүйекті сол жерге қойған. Кейін оның Джиту Мунда есімді жергілікті тұрғын екені анықталды. Ер адам бірнеше күн бойы марқұм әпкесінің шотындағы 19 мың рупийді, яғни шамамен 93 мың теңгені ала алмай жүрген.

Банк қызметкерлері одан әпкесінің қайтыс болғаны туралы куәлік талап еткен. Алайда Мунда сауатсыз болғандықтан, ресми құжатты қалай алу керегін түсінбеген. Ал банк қызметкерлері оған ештеңе түсіндірмей, әпкесінің қайтыс болғанын растайтын дәлел әкелуді ғана талап еткен. Ақыры ер адам шарасыздықтан осындай қадамға барған.

 Жергілікті билік өкілдері банк қызметкерлерін қиын жағдайда қалған сауатсыз адамға көмектесуге тырыспады деп сынға алды. Шенеуніктер марқұм әйелдің шотындағы ақшаны ер адамға беруге уәде етті.

Stan.kz ақпарат агенттігі

Фото: Newsflash/NX

Leave A Reply

Your email address will not be published.