Халықаралық волонтерлер жылына орай Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков белсенді жастармен кездесті.
Іс-шара әуелі жастардың жетістіктерін айшықтайтын көрмені тамашалаудан басталды. Түрлі салада табысқа жеткен жас буынның жобалары мен бастамалары қала әкіміне таныстырылып, олардың қоғамдағы белсенділігі мен әлеуеті айқын көрініс тапты.
Әрі қарай қала әкімі жастармен ашық сұхбаттасып, еркін әңгіме өрбітті. Жастар да өз кезегінде көкейдегі сауалдарын жолдап, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Ашық әрі сенімді диалог жиынның мазмұнын арттырып, жастар мен билік арасындағы байланысты нығайта түсті.
Жиын соңында Бақытжан Әмірбекұлы қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрген үздік волонтерларға оқу гранттарының сертификаттары, арнайы дипломдар мен қаржылай сыйақыларды табыстады.
Айта кетейік, бүгінде Тараз қаласының халқы 487 мыңнан асады. Оның шамамен 29,9 пайызын жастар құрайды. Қалада 8 ірі жастар ұйымы жұмыс істесе, олардың құрамында 1200-ден астам жас белсенді еңбек етуде. Жастар саясатын жүйелі жүзеге асыру мақсатында осы уақытқа дейін 319 іс-шара ұйымдастырылып, 14 мыңнан астам жас қамтылған.
Жастарды жұмыспен қамту мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Осы бағытта 20 іс-шара мен 8 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізіліп, нәтижесінде 434 жас тұрақты жұмысқа орналасты. Сонымен қатар, «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы арқылы жастарға алғашқы еңбек жолын бастауға мүмкіндік берілді. Жоспарға сәйкес, тағы 690 жасты жұмыспен қамту көзделіп отыр.
Кәсіпкерлікті дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Мәселен, «Бизнес бастау» жобасы аясында 86 жас арнайы оқудан өтіп, өз кәсібін бастауға қажетті білім мен сертификаттарға ие болды. Ал «Жасыл ел» бағдарламасы шеңберінде 450 жасты маусымдық жұмыспен қамту жоспарланған. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да үздіксіз жалғаса береді.