Алматыда 71 бала коронавирустан емделіп жатыр
Алматыда Наурыз мерекелерінен кейін және сәуір айында балалар арасында коронавирустың өсімі байқалған. Мысалы, наурыз айының 2 аптасында 72 бала, сәуірде 176 бала емделіп шыққан. Бұл туралы бүгін онлайн брифингте қалалық балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Айнұр Уәлиева айтты
Ал дәл қазір балалар жұқпалы аурулар ауруханасында 71 бала коронавирустан ем алуда. Олардың жағдайы жеңіл және орташа ауыр түрде. Балалар арасында аурудың көбеюіне ересектердің аурушаңдығы себеп. Олар ата-аналарымен тығыз қарым-қатынаста болатындықтан инфекцияны тез қабылдайды. Сондықтан үлкендер сақтық шараларын ұстанып, балалардың көпшілік жиналатын жерге бармауын қадағалағаны жөн. Дәрігердің айтуынша, ересектердің екпе алуы алдын алу шараларының ең тиімді түрі.
Айнұр Уәлиева, қалалық балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:
— Біздің балалар жаппай ауыра бастады, коронавирустық инфекция балалар арасында ерекше эпидемиологиялық сипатқа ие болды деп айта алмаймыз. Өйткені балалардың арасындағы аурушаңдықтың өсуі тікелей ересектер арасындағы аурушаңдықтың өсуімен байланысты. Бүгінгі күні біздің ауруханада ауыр ағымды, реанимацияда жатқан балалар жоқ. Біздің стационарға клиникалық белгілерімен науқас балалар жеңіл және орташа ауырлықпен ем алып жатыр. Орташа ауырлықтағы балалардың саны 10 проценттен аспайды.