Облыс әкімі: Сауда нысандарындағы тазалық пен тәртіп мәселесі үнемі бақылауда болады
Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтті. Жиында Семей қаласының кәсіпкерлік нысандарында тазалық пен санитарлық талаптардың сақталуы және 2026 жылғы көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру барысы талқыланды. Кеңеске облыстық басқарма басшылары, өңірлік департамент жетекшілері қатысты. Аудан және қала әкімдері бейнережимде қосылды.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Айбек Рахымбеков, жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Ақылжан Ақылбеков, қорғаныс істері департаментінің бастығы Руслан Омаров баяндады.
Өңірде облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес сауда нысандарын жаңғырту және оларды санитарлық әрі сәулеттік талаптарға сәйкестендіру жұмыстары жүргізілуде.

Қазіргі таңда Семей қаласындағы «СМОКК» базары эскиздік жоба әзірледі, «Мереке» базарында дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Негізгі құрылыс жұмыстарын бастау биылғы жылдың екінші-үшінші тоқсанына жоспарланған.
«Бұл бағыттағы жұмыстар тек түсіндірумен шектелмеуі тиіс. Әрбір нысан бойынша нақты нәтиже болуы қажет. Тиісті мемлекеттік органдар тарапынан бақылау мен талап күшейтіліп, заңнамада көзделген шаралар толық көлемде қолданылуы керек. Біздің негізгі мақсатымыз – қаланың барлық кәсіпкерлік нысандарында тазалық, қауіпсіздік және бірыңғай сәулеттік келбет қалыптастыру. Біз кәсіпкерлік нысандарынан халыққа қызмет көрсететін орындардың заман талабына сай болуын талап етеміз. Аудандар да осы бағыттағы жұмысты жалғастыру керек. Бұл мәселе үнемі бақылауда болады», – деді Берік Уәли.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ