Архари (эссе)

0 2 038

 

«Азуын айға білеген саяси-сатиралық «Ара-Шмель» журналының жауапты хатшысымын. Байлаулы төбеттей қара телефоным шыр

– Көпен мырза, келіп кетші! – деді. Құмырсқаның илеуіндей құжынаған журналистердің бәрі бір ғимараттың ішіндеміз. Жедел сатыға міндім де жетіп бардым.

– «Ара» журналы жылына неше рет шығады? – деп сұрақты қабырғадан қойды.

– Он екі рет.

– Біз жылына 300 рет шығамыз.

,Ата жауыңды аңдып окоптың ішінде жата бересің бе?

Түсінбедім. Аузым ашылып аңыраған кейпіме жымия қарады да:

– Нысанаға алған нысапсыздарды, арамтамақтар мен алаяқтарды жылына он екі рет ұрған жақсы ма, әлде бас көтертпей бар оғыңды шығарып үш жүз рет атқылаған дұрыс па?

Ішім қылп ете қалды. Жұмысқа шақырып отыр.

– Сен бізге фельетон бөлімінің мең­ге­­рушісі боп келесің бе? – деді Шерағаң. Бас изедім. Бұйрық берді. Бұл 1989 жыл болатын. Жасым қырыққа жете қой­маған. «Тозған журналист тот бас­қан болт сияқты: не алынбайды, не салынбайды» деген Әзілхан Нұр­ша­йы­қовтың топшылауын құп көр­ген­дей, қатып-семіп қасаңдықтан арыл­ма­ған партиялық газетті жастармен жасақтап жатса керек. Кезінде Арқадан Ақселеу Сейдімбекті, Атыраудан Фа­ри­за Оңғарсынованы, Оңтүстіктен Мұх­тар Шахановты, Шығыстан Оралхан Бөкейді таланты арқылы танып, талай жарысқа қосқан Шерағаң ғой. Жастар арасында жан-жақты мақаласымен көзге түсіп, ор текедей орғып жүрген Қайнар Олжайды қасына алған. Павлодар об­лыс­­тық газетінде жарияланған Нұртөре Жүсіптің бір мақаласын оқып сүй­­сін­ген Шерағаң түр-түсін көрмесе де жұмысқа шақырған.

Егемен еліміздің ертеңгі күні еңсесін көтеретін беделді журналистердің бет-бейнесін айқындады. «Социалистік…» «Еге­менді Қазақстан» боп өзгерді. Өз­герт­кен сол баяғы Шерағаң. «Социа­ли­зм», «Социалистік» деген сөзді естісе ел селк ете қалатындай дәрежеге жеттік емес пе? – деді бірде лездеменің үстінде. – Өзгерту керек. Басылымның ішкі маз­мұны жалпы атауынан да білініп тұра­тын­дай болғаны жөн. Баяғыда бабаларымыз «Егемен болмай, ел болмас, етектен кесіп жең болмас» деп жырлаған жоқ па?».

Боярлардың қауғадай сақал-мұртын күзеп, жер сызып жүретін шапан­дарының етегін тізеден қысқартып тастаған Бірін­ші Петр секілді, ата-тегіміздегі «…ов, ова, ев, ева» секілді жұрнақтарды жұл­дырып, реформа жасады. «…ов» – орыс­тың бізге, қазаққа, кигізген құлдық қа­мы­ты», – деді.

Әдебиет бөлімінің меңгерушісі, ақын Аян Нысаналин ағамыз мақаласының соңына фамилиясын да жазбайтын болды. Аян. Бітті. Бүркеншік ат секілді. Бұған үйренбеген секретариаттағы жігіттер бас редакторға барып шағым­данды.

– Аян өз мақаласына фамилиясын қою­дан үзілді-кесілді бас тартып отыр. Неғы­ламыз, Шераға? – дейді.

– Неғыламын? Өз әкесі өзіне керек бол­маса, кете берсін солай!..

Редакция жасарды. Жасы үлкені – Мыңбай Ілес, Мамадияр Жақып, Совет Шиманбай, Аян Нысаналы, Нұри Муфтах, сосын Әділ Дүйсенбек. Әдекеңнің мінезі маңғаз. Аспайды. Саспайды. «Маң, маң, маң басқан, шудаларын шаң басқан» атан түйеден аумайды. Шерағаңның шерлі сөзі есімізде. «Журналистер түйеге ұқсайды, түйенің арқалағаны алтын болса да, жегені жантақ» деп мұң шаққан кезін байқамадық. Барымен – базар. Нысапты. Шыдамды. Сабырлы. «Бұ кісі қартаймаса да қарайып қалған жоқ па?» деп сыртынан тон пішеміз. Жоқ, тіпті де олай емес. Қай-қайдағы тақырыптарды қаузап, қоғамдық ойлардың қойқабын қозғап қояды. Әзілхан ағамның «тозған болтына» ұқсамайды. Керісінше. Үш ауы­сымда тыным таппай жұмыс істейтін зауыт сияқты.

«Дүниеге нұрын шашқан екі нәрсе: біріншісі – Күн, екіншісі – журналис­тер» дегенді кім айтса да төбесінен дөп түсіп біліп айтқан. Аспандағы алтын күннен кейін дүниеге нұрын төгіп, шуағын шашып, сәулесін сіңдірген Шерхан Мұртаза туралы деректі романды оқыдыңыз ба? Қалыңдығы кереқарыс – 440 бет. Кітаптың аты – «Шерағамның шеруі». Авторы – Әділ Дүйсенбек. Қашан жазып үлгерген? Отыра қалып ойдан құрастырылған қиял-ғажайып дүние емес. Отыз жыл бұрын Шерағаңның «Егеменге» бас редактор болып келген кезінен бастап «Бір кем дүние» деп бақилық болғанға дейінгі шежіре. Шерағаңмен талай жиын-тойлар мен іссапарларда бірге жүргенде, әсерлі әңгімесі мен әуезді әндерін тыңдап, серілік те ерлік істеріне куә болған Әдекең ағасының аузынан шыққан дуалы сөздерді қағып алып, қағазға түсіріп отырған. Шерағаның танымы. Тағылымы. Пайымы. Парасаты. Оқшау ойлары. Шері. Торығуы. Топшылауы. Жан-жақты жетілу үшін жарасымды ойлары. Қысқасы, еліміз егемен боп енші алған кездегі ширек ғасырлық тарихының тараулары іспеттес. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков бас газеттің басшылығына Шерхан Мұртазаны әкеп таныстырады да, сөз соңында «Бұл басылымды жалпы ұлттық газетке айналдырған жөн. Оған мына басшыларыңыздың күш-қуаты да, тәжірибесі де жетеді» деп түйіндейді.

Газетке ие келді, иесіне ілесіп кие кел­ді. Баспасөзге жазылу науқаны бас­­тал­ғанда Жамбыл облысының бас­шы­­ларына алдын ала хабарламай-ақ Қор­дай, Меркі, Шу, Мойынқұм, Талас, Сарысу, Жуалы аудандарын аралап қалың оқырмандармен кездесу жасайды. Шерағаңның шеруі. «Газетке не үшін жазылу керек?» деген өз сұрағына өзі тиянақтап жауап береді. «Бүгінгі болып жатқан қиыншылықтардың бәрін уақытша деп білуіміз керек. Атам қазақ «Бұдан да жаманымызда тойға барғанбыз» деп текке айтпаған ғой. Алла бұйыртса, алда жарқын болашақ күтіп тұр.

Бабаларымыз ғасырлар бойы арман­даған бостандыққа қол жетті. Мем­ле­ке­тіміз жас. Тәуелсіздігіміздің бір тіні – тіл. Ал экономика мен руханият – мем­ле­кетіміздің қос қанаты.

Қазір кітап шықпайды, журналдар жабылып жатыр. Радио сөйлемейді. Жарық сөнбесе телевизор көрген боласыздар. Оның өзі де оңып тұрған жоқ. Қайдағы пәлені көрсетеді. Ар да, иман да жоқ. Соны айтып, елдің көкірегіне сәуле түсіретін осы – газет. Қазақ газетіне қазақ жазылмаса, қайтіп күн көреміз? Бұл елдігімізге сын емес пе?..».

Сол жылы «Егемен Қазақстанның» таралымы төрт-бес есе өсіп, 200 мыңға жуық оқырманын тапты. Күні бүгінге дейін сол биіктен түскен жоқ.

Тәуелсіздік алғалы «Тәубе!» дейтін тірлік көп. Әділ ағаның өсіп-өнген жері Тараз ірге­сіндегі Свердлов ауда­ны. Атын өзгер­ту керек. Не деп? «Атақты Бай­зақ датқаның атын берсе әбден ла­йық!» – дейді Шерағаң. – Аудандық газеттің аты қандай? «Село жаңалығы». Сондай солғын ат кімге керек? «Байзақ байрағы» десе жараспай ма? Жарасқанда қандай! Осы байраққа байланысты Сүйін­бай сүлейдің өлеңі бар емес пе?!

Бөрілі менің байрағым!

Бөрілі байрақ астында

Бөгеліп көрген жан емен.

Бөрідей жортып кеткенде,

Бөлініп қалған жан емен.

Бөрілі найза ұстаса,

Түйремей кеткен жан емен.

Бөрілі байрақ құласа,

Күйремей өткен жан емен!..

Сексенінші жылдары бір топ жазушылар сонау Сібірге жақұт ағайындарға бара қалады. Олардың фамилиялары орысша болғанымен арғы тегі қазаққа келіңкірейді. Осындай бір топтың ортасында отырған Шерағаңның тосыннан ән бастағаны бар емес пе? Жаңа ғана араның ұясындай дуылдап жатқан зал сілтідей тына қалды. Қазаққа да, қалмаққа да, жапонға да, жақұтқа да, жалпы бұрындары қапаста болған қара халықтың бәріне етене жақын зарлы әуен. Адамның сай-сүйегін сырқыратады. Қай елдің әні? Татарша сияқты. Шерағаң тағы да татардың бір-екі әнін орындағанда Дулат Исабеков «Әй, Шәке! – дейді, – біз қай жерде отырмыз осы, қай елдің жазушысымыз, неге қазақша айтпайсыз?».

Сол-ақ екен. Шерағаң жаңағы айтып тұрған әніне ұқсас қазақтың бір әуенін әуелете жөнелген. Сосын «Мына Дулат маған өте орынды замечание жасады. Біз алдымен қазақ әніне кезек беруіміз керек еді. Ал мына орындағаным – қазақтың көне дәуірінің әуені. Бай­қай­сыздар ма, татарға да, жақұтқа да, ноғайға да, құмыққа да келеді. Бұдан біздің бәріміздің де түбіріміз бір екені байқалмай ма? Түбі бір түрік қаған­дары­ның ұрпағы емеспіз бе?

Дулат орнынан атып тұрып «Ке­ші­рің­із, Шераға!» деп ағасын құ­шақ­тайды. «Оқасы жоқ, сен де кешір!» деп ағасы арқа­сынан қағады.

Журналистер қауымы орналасқан он екі қабат ғимараттың астыңғы жа­ғын­да шағын шайхана болатын. Оған Шерағаң «Камал кафе» деп ат қойған. Шөл­дегендер сусындап, суатқа құлаған жыл­қыдай шұрқырасып жататын. Бас сұғып бара қалсам Шерағаң мен Камал аға Смайылов екеуі отыр екен. Барып сәлем бердім. Шерағаң қолымды есік қысқандай қысып ықыласымен амандасты. Камал ағам ше? Солғын. Өкпелі сияқты. Онысын жасырмады да.

– Әй, Көпен, – деді, – сен пародия жазып мені оңдырмапсың ғой.

– Қандай?

– Сен Шерханды тракторға, мені соның соңына тіркеген соқаға теңепсің…

Есіме түсті. Жазғаным рас. Екі аға­мыз «Егемен Қазақстан» газетінің бе­тін­де тәуелсіздіктің жолына жаңадан түс­кен еліміздің бүгінгі және ертеңгі тағдыр-талайы туралы толғамдарын жария­лаған болатын. Шерағаң туралы паро­диямда соны тілге тиек етіп, әзіл тү­рінде әспеттеген едім.

– Оқышы! – деді Шерағам. Камал ағама қатысты тұсын жатқа соқтым.

«Елім, саған айтам,

Елбасы, сен де тыңда»

Камал дос,

Сен де құлақ түр.

Себебі, сен – соқа,

Мен – трактор…

– Оу, Камеке-е-е, – деді Шерағаң нығырлай сөйлеп. – Қу трактор айдалада жалғыз өзі не бітіреді? Жерді жыртатын трактор емес, соқа ғой. Соқаның рөлі тракторға қарағанда анағұрлым артық! Көпен мырза сізді дұрыс теңеген.

– Ә-ә, солай ма?

– Солай!

Камал ағамның өңіне қан жүгіріп, моншадан жаңа шыққандай жайнап сала берді.

– Мен әйтпесе басқаша ойлап қап ем…

Тұла бойы тұнған цифр, тұнған факті Камал көкемнің өкпесін жазып, екеумізді табыстырып жіберген қайран менің Шерағам-ай!

Ғасыр мен ғасыр тоғысында Қа­зақ­стан Республикасы Парламенті Мә­жілісінің депутаттығына үміткер боп Оңтүстік өңірінен түстім. «Адам үміт­пен ғана өмір сүреді» деген рас екен. Ұстазым Шерхан Мұртазадан бата алсам өтіп кететіндей көріндім. О кісі де Жам­был облысынан сол сайлауға түсіп, додада жүрген кезі-тін. Барып бата сұрадым. Қо­лын жайды.

– Жорытқанда жолың болсын жолбарыстай! – деді де сәл ойланыңқырап басқа әңгіме айтып кетті.

– Баяғыда ен далада екі түлкі әңгіме­ле­сіп тұрса, бес-алты аңшы қиқулап ке­ліп қапты.

– Шераға, бата берсеңізші. Бата!

– Жорытқанда жолың болсын жолбарыстай! – деп тағы мүдірді де, әлгі әңгі­ме­сін сабақтады.

– Екі түлкі екі жаққа қашып бара жа­тып, бір-бірінен «Енді қай жерде кездесеміз?» деп сұрапты. Сонда бір түлкі «Мына аңшылардың тәрізі жаман. Енді тымақ базарында кездесетін шығармыз», – депті. Түлкінің сөзі өзімен кетсін. Парламенттің қан базарында қауышайық. Әумин! – деп бет сипай бергенде:

– Аға, әлгі өлеңмен басталған батаны қосып беріңіз! – дедім.

– Жорытқанда жолың болсын жолбарыстай!

Жүре бер жүйрік болып жолды бас­тай!

Әумин! – деп екі бетін бір-ақ сипады.

Сол жолы Шерағаңның өз батасы өзі­не дарып, депутаттыққа өтті. Неге өтпе­сін, абыз ғой!».

Мұндай детальдар романның ішінде өріп жүр. Баяғының билеріндей биік мінбеде тұрып білдірген кесімді де келелі ой-пікірлері, ұлттық рух туралы ұйғарымдары, «ашынғаннан шыққан ащы дауыс» емес – қайраткерлігі. Қам­қорлығы. Баяғы бабаларымыздай бұлардың бәрін «қауіп еткеннен» қа­быр­ғасы сөгіліп айтты. Өзі басқарған ұжым­ның дастарқанында болсын немесе қай ауылға ат басын бұрмасын бір өңірде туып өскен Бауыржан Мо­мышұлы­ның батасын қайталайтын. Кейін­гі ұрпақтың құлағына сіңе берсін дейтін болу керек. Әсіресе «Иә, Алла! Өмір берсең жайлы ғып бергін. Дәулет берсең сайлы ғып бергін. Келін берсең келісті ғып бергін. Ағаш берсең, жемісті ғып бергін. Ұл-қыз берсең намысты ғып бергін. Тұлпар берсең шабысты ғып бергін. Арғымақ бер, пырақ бер. Жомарт болсаң осы айтқанымның бәрін үйіп-төгіп бір-ақ бер. Әумин! Бауыржан Момышұлы!» деп аяқталатын батасын нығырлап, нығыздап айтатын.

Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс қаласындағы оқырмандармен кез­десу жасағанда бір жігіт сұрақ қойып­ты. «Шераға! Бұрындары сіз «Егемен Қазақстанның» бас редакторы болып төрге отырушы едіңіз, қазір жай қыз­меткерсіз. Қайда отырсыз? Жеке каби­нетіңіз бар ма?». «– Иә, кезінде мен «Егемен Қазақстанды» басқарып, төрінде отырдым. Қазір қатардағы жай қызметкермін, бірақ мен оған намыстанбаймын. Себебі – «Егемен Қазақстан» ел газеті. Ал елдің төрі – мына өздеріңізсіздер. Сіздер мені хан көтеріп отырсыздар. Оның үстіне бұл киелі шаңырақ. Кезінде бұл газетте Сәкен Сейфуллин, Ораз Исаев, Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов секілді небір марғасқалар еңбек еткен. Сондай ардақты адамдар жұмыс істеген киелі шаңырақтың мен босағасында отырсам да арланбаймын…».

Әрине Әділ Дүйсенбек ағам мұндай тұлғалардың құзырында құлдық ұрып қызмет істеген жоқ. Әйтсе де сондай соқталы аталардың ізін жалғастырған Кеңес Үсебаев, Ұзақ Бағаев, Сапар Байжанов, Балғабек Қыдырбекұлы, Кеңес Дүйсеев, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбай, Нұрлан Оразалин, Уәлихан Қалижан, Ержұман Смайыл, Сауытбек Абдрахманов сияқты он бір редактордың мектебінен өткен. Шерағаңның тілімен айтқанда «Олар да пенде, олар да ет пен сүйектен жаралған жандар. Олардың да өзіндік мінезі мен талап-тілектері болады дегендей, олардың бәрімен ортақ тіл табысып жұмыс істеудің өзі де біле білгенге көп жайтты аңғартпай ма…»!

Жарықтық Қалағаң, Қалтай Мұха­мед­­жанов ісіне сүйсінген інілеріне «Ай, жолбарысым-ай!» деп мейірлене қарай­тын. Шерағаң ше? Әділ ағаның болмыс-бітімі мен жүріс-тұрысын бір-ақ сөзбен бейнелеп «Архари!» деп еркелететін.

Зейнетке шығар тұста Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметіне шақырылды. Күтпеген жағдай. Бас редактор Шерағаң: «Кім зейнетке шыққаннан кейін Үлкен үйге қарай қызметке өсіп жатыр? Әй, қайдам? Ондайды көрмек түгілі, естіген де емеспін. Ал менің Архариімнің туа бітті қасиеті мен пейіліне байланысты жолы ашық. Өзің титтейіңнен ата сақалың аузыңа түскенше, тапжылмай еңбек еткен «Егеменіңді» ұмытпа! Жиі келіп тұр!» деп қол соғып қошемет білдірді. «Егемен Қазақстан» газетін асу бермес Алатауға теңесек, Әділ Дүйсенбек ағамыз тастан-тасқа секіріп көз жауын алған көп архардың бірі.

Шерхан. Түбірі не? Шер. Атам қазақ «Шер толқыса шығады» дейді. «Шерағамның шеруі» романын оқыға­ным­да мен де бір ішімдегі шерді тарт­қан­дай сезініп, қолыма қалай қалам алғанымды аңғармай да қалдым.

 

Көпен Әмірбек,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

 

egemen.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.