ӘЙЕЛДЕР ҚОҒАМНЫҢ ҚОЗҒАУШЫ КҮШІ

0 41
Апта басында «AMANAT» партиясы аудандық филиалында «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы Әйелдер қанаты, Облыстық әйелдер күштері Альянсы, Жамбыл облысы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасы – демографиялық саясат жөніндегі комиссияның ұйымдастыруымен «Айша бибі» әйелдердің көшбасшылық мектебінің көшпелі семинары өтті.
Семинардың мақсаты – қазақстандық саясаткер әйелдердің тәжірибесіне сүйене отырып, семинарға қатысушылардың басқару дағдыларын дамыту және көшбасшы әйелдерді дайындау.
Семинарға ауданымыздағы 17 ауыл, ауылдық округтерде қызмет ететін 40-тан аса қыз-келіншектер қатысты. Олардың басым бөлігі әкімдіктердің бас мамандары болса, 2-3 ауылдық клубтың меңгерушісі, кітапханашылар болды.
Семинарды белгілі кәсіпкер ана, партия аудандық филиалының әйелдер қанатының жетекшісі Күнсая Амирова жүргізіп отырды. «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Индира Спаналиева семинарға қатысушыларға сәттілік тілеп, оның бағдарламасымен таныстырды.
Семинарды «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының кеңесшілері Дәмеш Ускенбаева мен Рахия Тұрмағанбетова ашып, «Айша бибі» әйелдердің көшбасшылық мектебінің ашылуы, мақсаты, атқарып жатқан жұмысы туралы жиналғандарға мағлұмат берді. Аталған жоба 2025 жылы қараша айында өз жұмысын бастап, әйелдерді көшбасшылыққа дайындауда екендігі атап өтілді.


Облыс көлемінде жоғары шешім қабылдау деңгейіндегі әйелдер құрамын 30 пайызға көтеруді мақсат етіп отырғандарына тоқталды. Ал бүгінгі семинарға негізінен округ әкімдігі мамандарының қатысуы көңіл қуантып отырғандығын жасырмады. Әйелдерге көмектесудің түрлеріне тоқталып, оларды депутаттыққа тарту, ауыл әкімдігіне ұсыну, тағы басқада мүмкіндіктер туралы айтылды. Бүгінде облыс көлемінде 6 ғана әйел ауыл әкімі екендігін  айтып, семинардың маңыздылығына мән берді.
Аталған жоба әйелдердің қоғам мен саясаттағы рөлін арттыруға үлес қосуды көздейді. Сондай-ақ мемлекеттік құрылымдар мен атқарушы билік органдарына болашақта тағайындауға дайын кадрлық резервті қалыптастыруға бағытталған.
Жамбыл облысы бойынша әйелдердің құқықтары жөніндегі уәкілі, облыстық әйелдер күші Альянсының төрағасы Әмина Қайназарова семинарға қатысушылармен жеке-жеке танысып, әйелдер көшбасшысы саяси мектебін құруға Рахия Тұрмағанбетова мен Дәмеш Ускенбаеваның еңбегі көп болғанын атап өтті. Өз жұмысын кәсіпкерліктен бастаған спикер Әмина Рысбекқызы «Нәтижеге фокус. Құнды түпкілікті өнім-тиімді жұмыс істеудің негізгі аспектісі» тақырыбында өз тәжірибесімен бөлісіп, көшбасшылық, эмоционалдық интеллект, өмірлік миссияны айқындау және тиімді коммуникация тақырыптарын кеңінен түсіндірді.
English Internetional компаниясының тренері Гүлжан Ибраймова «Өмірлік миссияны анықтау», ал Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Жамбыл облысы бойынша филиалының аға оқытушысы Тәттігүл Орынтай «Отбасы-ұлттың тірегі» тақырыбында мазмұнды ой қозғап, қатысушыларға ерекше әсер қалдырды.
Семинар жоғары деңгейде өтіп, қатысушылар тарапынан оң бағасын алды. Мұндай маңызды кездесулер қоғамның дамуына, белсенді әрі жауапты азаматтардың қалыптасуына зор ықпал етеді.
Семинар соңында оған қатысушы ауыл әкімдігінің мамандарына арнайы сертификаттар табысталды. Ал оны ұйымдастырып, жоғары деңгейде өткізгендері үшін партияның аудандық филиалы төрағасы И.Спаналиева қонақтарға алғыс айтты.

Сундетулла АБИЛОВ,
Байзақ ауданы

Обновлено 03.04.2026 11:24
Leave A Reply

Your email address will not be published.