МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕ ҚАБЫЛДАУДЫҢ ЖАҢА ТӘРТІБІ

0 60

Мемлекеттік қызметтің сапалық құрамын одан әрі жаңарту мемлекеттік қызметтің гибридті моделіне көшу арқылы жүзеге асырылады, ол мансаптық және позициялық модельдердің ең жақсы ерекшеліктерін біріктіретін және бәсекелестік тәсіл мен мамандардың бірегей кәсіби тәжірибесі мен әлеуетін ескере отырып, оларды тікелей іздеу арасындағы теңгерімді қамтамасыз ететін болады.

Әлемнің жетекші елдерінің басқару практикасында қалыптасқан заманауи трендтерге сүйене отырып, мемлекеттік қызметтің сервистілік және клиентке бағдарлану қағидаттарына негізделген моделін құруға бағыт алынды.

2026 жылдың 1 сәуірінен бастап Мемлекеттік қызметке іріктеу eqyzmet.gov.kz арқылы толық автоматтандырылған «Е-қызмет» ЫАЖ-ң сыртқы интернет-порталында онлайн жүргізіледі.

Бұл ретте мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа рәсімі туралы қысқаша айтып өткім келеді.

Конкурсқа қатысу үшін кандидаттар мемлекеттік тілді және заңнаманы білуге арналған тестілеуден, сондай-ақ жеке қасиеттерін бағалаудан өтуі тиіс.

Кандидаттар тестілеуді конкурс басталғанға дейін алдын ала немесе құжаттарды қабылдау мерзімі ішінде eqyzmet.gov.kz сыртқы интернет-порталында тапсыра алады.

Онлайн тестілеуге қатысу үшін жүйеге тіркелу қажет. Кандидаттар тестілеу күнінен кемінде бір күн бұрын жеке кабинет арқылы өтініш береді.

Кандидат тестілеу уақытын жүйе қалыптастырған кестеге сәйкес өз бетінше таңдайды.

ЗАҢНАМАНЫ БІЛУГЕ АРНАЛҒАН ТЕСТІЛЕУ келесі нормативтік құқықтық актілер бойынша жүргізіледі: Қазақстан Республикасының Конституциясы (15 сұрақ), «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңы (15 сұрақ), «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңы (15 сұрақ), Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі (10 сұрақ). Өту мәндері: 55 сұрақтың кемінде 30 дұрыс жауабы және әрбір НҚА бойынша кемінде 5 дұрыс жауап болу қажет.

ЖЕКЕ ҚАСИЕТТЕРДІ БАҒАЛАУ БОЙЫНША ТЕСТІЛЕУ 3 бағдарлама бойынша жүргізіледі:

Бірінші бағдарлама (10 құзырет) басшылық мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға арналған:

проактивтілік; коммуникативтілік; талдамалық ойлау; стратегиялық ойлау; көшбасшылық; әдептілік; нәтижеге бағдарлану; сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік; жауапкершілік; қызметті басқару.

Екінші бағдарлама (7 құзырет) басшылық емес лауазымдарға арналған:

проактивтілік; коммуникативтілік; талдамалық ойлау; әдептілік; нәтижеге бағдарлану; сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік; жауапкершілік.

Үшінші бағдарлама жұмыс өтілін қажет етпейтін, төменгі әкімшілік мемлекеттік лауазымдарға арналған: әлеуметтік интеллект; эмоционалдық интеллект; логикалық ойлау (EQ-SQ-IQ)

Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі мен заңнамасын білуге арналған тестілеу нәтижелері бойынша берілген сертификаттар, сондай-ақ жеке қасиеттерін бағалау бойынша тестілеу қорытындылары тест тапсырылған күннен бастап бір жылдың ішінде жарамды.

Тиісті сертификаттары бар кандидаттар БІР ЖЫЛ ІШІНДЕ мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға арналған КОНКУРСТАРҒА қатыса алады.

КОНКУРСҚА ҚАТЫСУҒА жеке қасиеттерді бағалау нәтижелері бойынша ең жоғары балл жинаған ТОП 5 КАНДИДАТ жіберіледі.

ХАБАРЛАНДЫРУ жүйеде, мемлекеттік және уәкілетті органдардың интернет-ресурстарында өтінімдерді қабылдау мерзімі басталғанға дейін ЕКІ ЖҰМЫС КҮНІ БҰРЫН жарияланады.

Егер жалпы конкурс уақытша бос лауазымға өткізілсе, бұл шарт жұмыс орны (лауазымы) сақталатын уақытша болмаған қызметкердің жұмысқа шығу күні, сондай-ақ АТАЛҒАН МЕРЗІМ АЯҚТАЛҒАНҒА ДЕЙІН ЖҰМЫСҚА ОРАЛУ ҚҰҚЫҒЫ жалпы конкурс өткізу туралы хабарландыруда көрсетіледі.

Кандидат конкурсқа жеке кабинет арқылы өтініш беру арқылы қатысады.

Кадр қызметі кандидаттың құжаттарын (еңбек кітапшасы немесе қызметтік тізімнің көшірмесі, диплом) біліктілік талаптарына сәйкестігіне тексереді.

КОНКУРСҚА ЖІБЕРУДЕН БАС ТАРТЫЛҒАН ЖАҒДАЙДА ТҮСІНІКТЕМЕДЕ (комментарий) УӘЖДЕЛГЕН СЕБЕП КӨРСЕТІЛУІ ТИІС.

Кандидат жалпы конкурсқа қатысуға жіберілгеннен кейін жүйе кандидатты иесіздендіру үшін оған дербес сәйкестендіру нөмірін береді.

БАСШЫЛЫҚ ЛАУАЗЫМДАРҒА КАНДИДАТТАР эссе жазады және әңгімелесуден өтеді.

Жеке қасиеттерді бағалау нәтижелері бойынша ТОП 5 кандидат 250 сөзден аспайтын эссені онлайн режимде мемлекеттік немесе орыс тілінде жазады.

ЭССЕ ЖАЗУ БАРЛЫҚ БАСШЫЛЫҚ ЛАУАЗЫМДАР ҮШІН МІНДЕТТІ.

Эссе жазу кезеңінен өткен кандидаттар бейнебайланыс арқылы өтетін, кәсіби сипаттағы сұрақтар қойылатын әңгімелесуге шақырылады.

Конкурстық комиссия әрбір жарияланған бос лауазым үшін тиісті «Б» корпусының бос немесе уақытша бос лауазымының лауазымдық өкілеттіліктерін ескере отырып, он бағыттан аспайтын жалпы конкурс сұрақтарының тізімін қалыптастырады.

Әңгімелесу өткізу барысында жарияланған бос лауазымның функционалдық міндеттерінен тыс, терең арнайы білімді талап ететін сұрақтар қоюға, оның ішінде заңнама нормаларын шамадан тыс нақтылауға жол берілмейді.

БАСШЫЛЫҚ ЕМЕС ЖӘНЕ ТӨМЕНГІ ЛАУАЗЫМДАРҒА КАНДИДАТТАР практикалық бағалаудан өтеді.

Жеке қасиеттерді бағалау нәтижелері бойынша ТОП 5 кандидат бір жұмыс күні ішінде екі практикалық тапсырманы қашықтан орындайды.

басшылық емес лауазымдар үшін:

  • аналитикалық жазба дайындау;
  • ресми сауалдар мен хаттар дайындау немесе жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау.

Жұмыс өтілін талап етпейтін төменгі лауазымдар үшін:

ашықтықты, ойды анық, қисынды түрде білдіру қабілетін анықтауға, сондай-ақ жеке құзыреттері тұрғысынан жалпы сипаттағы екі сұраққа жазба түрінде жауап ұсыну бойынша жүзеге асырылады.

Кадр қызметі тапсырмаларды сапалы орындау үшін қажетті материалдарды және нормативтік құқықтық актілерді қоса бере отырып практикалық тапсырмалардың тізбесін жүйеге жүктейді.

Жүйе барлық баллдарды автоматты түрде есептейді.

Жеке қасиеттерді бағалауға арналған тестілеуден және жалпы конкурс кезеңдерінен ең көп жиынтық балл жинаған кандидат жалпы конкурс жеңімпазы ретінде анықталады.

Егер жалпы конкурсқа бір кандидат қатысып, әңгімелесу немесе практикалық бағалау кезеңінде нәтижесі бір баллдан кем болған жағдайда жалпы конкурстың жеңімпазы анықталмады деп танылады.

Мемлекеттік лауазымға тағайындау құқығы бар адам жалпы конкурс қорытындылары шығарылғаннан кейін КЕЛЕСІ ЖҰМЫС КҮНІ, егер алдыңғы жұмыс беруші еңбек заңнамасына сәйкес бір айлық жұмыспен өтеу мерзімін белгілемесе немесе тараптардың келісімдері бойынша өзге мерзім белгіленбесе, жарияланған бос лауазымға кандидат — жалпы конкурс жеңімпазын ҚАБЫЛДАЙДЫ.

Конкурстық рәсімдердің жалпы мерзімі 5–7 жұмыс күнін құрайды (құжаттарды қабылдау және қарау – 3 жұмыс күні, конкурс кезеңдері 3–4 жұмыс күні).

 

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы — Копдикбаев Б.И.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.