Интернет алаяқтық: 121 азаматты алдап, 8,9 млн теңге иемденген
Бас прокуратураның хабарлауынша, Қызылорда қаласының 31 жастағы тұрғыны интернет желісін пайдалану арқылы 121 азаматты алдап, 8,9 млн теңге иемденген. Оған сот үкімімен 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған.
«С» есімді азамат 2024 жылы алдын ала сөз байласқан адамдар тобы арқылы «Instagram» әлеуметтік желісінде «Dake_87057380827» деп аталатын жалған парақша ашып, бөтен адамдардың жеке деректерін пайдаланған. Азаматтарды «Салған ақшаларын еселеп қайтарамын» деп алдап, «1XBETKZ» букмекерлік кеңсесі мен «Wooppay Wallet» төлем жүйесі арқылы жәбірленушілердің қаражатын иемденіп отырған», — делінген хабарламада.
Сот талқылауында сотталған азамат кінәсін толық мойындап, жәбірленушілерге келтірілген мүліктік залалды толығымен қайтарған. Қазір ол тұрғылықты жері бойынша пробациялық бақылауда жазасын өтеуде.