Облыстың білім саласындағы өзекті мәселелер талқыланды
Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтті. Жиында білім басқармасының қызметі, көктемгі егіс және дала жұмыстарына дайындық барысы қаралды. Кеңеске облыстық басқарма басшылары, өңірлік департамент жетекшілері қатысты. Аудан және қала әкімдері бейнережимде қосылды.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша білім басқармасының басшысы Бауыржан Ердембеков, ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Ертай Қуанбаев баяндады.

Мектепке дейінгі білім беру саласында 27 мыңнан астам бала қамтылған. Балабақшалар бейнебақылаумен толық жабдықталған. Дегенмен, кезекте 3 900 бала тұр. Бұл бағытта жекеменшік секторды тарту арқылы мәселені кезең-кезеңімен шешу көзделуде.
Қосымша біліммен қамту деңгейі 92 пайыздан асады. Оқушылардың ғылыми, шығармашылық және спорттық бағыттағы жетістіктері де аз емес. Әскери-патриоттық бағыттағы «Айбын» жарыстарында өңір құрамасы жоғары нәтиже көрсетті.
Өңірде білім беру инфрақұрылымын дамыту мақсатында бірқатар жаңа жобалар іске асырылуда. Сонымен қатар «Қаладан – ауылға» жобасы аясында ауыл мектептеріне кадр тарту жұмыстары жүргізілуде.
«Білім саласы – өңірдің ұзақ мерзімді дамуының негізі. Сондықтан біз тек көрсеткіштерге ғана емес, білім сапасына, педагог кадрлардың деңгейіне, инфрақұрылымның жағдайына және оқушылардың нақты нәтижелеріне баса мән беруіміз қажет. Бұл бағытта жүйелі әрі нақты нәтижеге бағытталған жұмыс күтеміз», – деді Берік Уәли.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ