ТАЗАЛЫҚ – КӨПТІҢ ІСІ: ЖУАЛЫДА ТАЗАРУ КҮНІ КЕҢ АУҚЫМДА ӨТТІ
Ұлыстың ұлы күні – Наурызнама онкүндігі аясында ұйымдастырылған Тазалық күні Жуалы ауданында ерекше серпінмен өтті. Табиғатпен үндескен бұл игі шара аудан тұрғындарын ортақ мақсатқа жұмылдырып, туған жерге деген жанашырлықтың жарқын үлгісін көрсетті.

Ауқымды сенбілік барысында аудан бойынша 82 көше мен 3 саябақ толықтай тазартылып, ретке келтірілді. Көшелер қоқыстан арылып, айнала ажарлана түсті. Әсіресе саябақтарда жүргізілген жұмыстар нәтижесінде демалыс орындары тұрғындар үшін жайлы әрі көрікті кейіпке енді.
Тазалық жұмыстарына мекеме қызметкерлері, жастар, еріктілер және ауыл тұрғындары белсене қатысып, бірлік пен ұйымшылдықтың үлгісін көрсетті. Әрбір қатысушы туған өлкенің тазалығы мен көркеюіне өз үлесін қосуға тырысты.
Бұл күн – тек тазалық шарасы ғана емес, халықты біріктірген, жауапкершілікті арттырған маңызды бастама болды. «Тазалық – көптің ісі» екенін дәлелдеген жұртшылық қоршаған ортаны қорғау – әр азаматтың міндеті екенін тағы бір мәрте ұғынды.

Наурыз – жаңару мен жаңғыру мерекесі. Осыған орай өткен Тазалық күні де ауданның жаңарып, көркейе түсуіне өз үлесін қосты.
Жуалы ауданы әкімдігі