Түркістан облысында полицейлер жоғалып кеткен 13 жастағы қызды тапты
Полицейлер үш тәулік бойы аулалар мен көшелерді сүзіп шықты, куәгерлерден жауап алды, оқушы баруы мүмкін орындарды тексерді.
Кешке таман Сарыағаш аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын хабарласып, 13 жастағы қызының үйден шығып, қайтып оралмағанын айтқан.
Тәртіп сақшылары бірден жедел шара қабылдап, оқиға орнына аттанды. Олар аулалар мен көшелерді сүзіп шықты, куәгерлерден жауап алды, оқушы баруы мүмкін орындарды тексерді.
Нәтижесінде үш тәулік ішінде Сарыағаш полицейлері кәмелетке толмаған қызды тапты. Ол Шымкент қаласының көшесінде жалғыз өзі жүрген.
Белгілі болғандай, қыз анасымен ұрсысып, үйден кетіп қалған.
Полиция оқушы қызды аман-есен әке-шешесіне қайтарды. Баланың анасы полицейлерге ризашылығын білдірді.
Түркістан облысының полицейлері ата-аналарға мұқият болуды, балаларды қараусыз қалдырмауды ескертеді.