Таразда күйеуінен қорыққан әйел полицияны алдаған: тергеу жүріп жатыр

0 32

Тараз қаласында әйел полицияға тонау туралы жалған ақпарат бергені анықталды.

Polisia.kz мәліметінше, қала тұрғыны үйіне бетперде киген белгісіз ер адам басып кіріп, қарумен қорқытып, қолын байлап, алтын әшекейлері мен ақшасын алып кеткенін айтып арызданған.

Аталған хабарлама бойынша полиция бірден әрекет етіп, сотқа дейінгі тергеу басталған. Жедел-тергеу тобы оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тиісті іздестіру жұмыстарын жүргізген.

Алайда тексеру барысында бұл мәліметтің шындыққа жанаспайтыны белгілі болды. Тергеу деректеріне сәйкес, әйел күйеуімен болатын жанжалдан қорқып, осындай оқиғаны ойдан шығарған. Шын мәнінде ол бірнеше ай бұрын алтын бұйымдарын күйеуінің рұқсатынсыз сатып жіберген.

Қазіргі уақытта әйелге қатысты қылмыс туралы әдейі жалған хабар бергені үшін сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Полиция өкілдері жалған ақпарат тарату заң бойынша жауапкершілікке әкелетінін ескертті. Мұндай әрекеттер құқық қорғау органдарының уақытын зая кетіріп, шынайы қылмыстарды ашуға кедергі келтіруі мүмкін.

Фото: polisia.kz

todayinfo.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.