Шымкентте полипропилен қоймасын ашты

0 48
KPI еліміздің оңтүстігіндегі қайта өңдеушілерді қолдау үшін Шымкентте полипропилен қоймасын ашты.
«Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» ЖШС (KPI — «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ еншілес ұйымы) полипропиленді сақтау және жедел жеткізу үшін үшінші өңірлік қойма ашты. Алматы мен Астанадағы қоймалардың сәтті іске қосылуынан кейін бұл жаңа нысан компанияның логистикалық инфрақұрылымды дамытудағы кезекті қадамы болды.
Шымкент қаласындағы 600 тонна дайын өнімге есептелген жаңа алаң Қазақстанның оңтүстік өңірлеріндегі қайта өңдеушілерге полимер шикізатына жылдам қолжетімділікті қамтамасыз етеді, өнім жеткізу тұрақтылығын арттырады және клиенттердің логистикаға жұмсайтын шығынын азайтады.
2025 жылы Алматы мен Астанадағы қоймалардан қайта өңдеуші компанияларға 7,5 мың тоннадан астам полипропилен жөнелтілді. Бұл KPI-дің логистикалық инфрақұрылымына қажеттіліктің деңгейі жоғары екенін және отандық полимерге өсіп келе жатқан сұранысын растайды.
KPI сату қызметі және тұтынушылар сервисі қызметінің басшысы Дамир Абельдинов компания қайта өңдеушілерге арналған сервистерді кеңейтуді жалғастыратынын атап өтті.
— Біз клиенттерге теміржол арқылы жөнелту мүмкіндігін ұсынамыз, сондай‑ақ полипропиленді сақтау шығындарынсыз тиімді сатып алуға мүмкіндік беретін кросс-докинг сервисін енгіздік. Биыл өнімді клиенттердің теміржол станциялары мен тұйық жолдарына дейін жеткізуді қоса алғанда, қызмет түрлерін кеңейту жоспарланып отыр, — деді Д.Абельдинов.
Үшінші қойманың ашылуы KPI-дің ішкі нарықтағы позициясын нығайтады және Қазақстанда полимерлерді қайта өңдеу саласын дамытуға ықпал етеді. Компания полимер өнімдерінің қолжетімділігін арттыру, заманауи логистикалық шешімдерді енгізу және өнеркәсіптің дамуын қолдау бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда.
Бұдан бұрын KPI 2025 жылы полипропилен өндірісін 50% астам арттырғаны туралы хабарлаған болатынбыз.
Leave A Reply

Your email address will not be published.