Жаңа Конституция – халық таңдауы

0 50
Жамбыл облысында жаңа Ата заң жобасының мәні мен мазмұнын, негізгі бағыттарын кеңінен түсіндіруге арналған «Жаңа Конституция – халық таңдауы» атты кездесу өтті.
Іс-шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, облыстық және қалалық мәслихаттардың, қоғамдық және ардагерлер кеңестерінің төрағалары мен мүшелері, басқарма басшылары, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, зиялы қауым, ардагерлер мен белсенді жастар қатысты.
Аймақ басшысы өз сөзінде Конституциялық реформаның қоғам сұранысы мен уақыт талабына сай жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, ұсынылып отырған өзгерістер еліміздің саяси жүйесін жаңғыртып, басқару моделін ашық, әділетті әрі халық мүддесіне қызмет ететін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.
– Өңір жұртшылығы конституциялық реформаның маңызын терең түсініп, ел болашағына бастайтын бастамаларға жауапкершілікпен қарауда. Қоғамдық кеңестер, үкіметтік емес ұйымдар, жастар бірлестіктері мен ардагерлер қауымдастықтары бұл үдеріске белсенді атсалысуда. Алдағы уақытта да облыс тұрғындарының қолдауы реформалардың нәтижелі жүзеге асуына берік негіз болады деп сенеміз, – деді облыс әкімі.
Жаңа Конституция мәтінін халыққа жан-жақты таныстыру мақсатында өңірде 35 спикерден құралған ақпараттық-насихаттық топ жасақталып, 11 халықтық штаб құрылған.
– Мемлекет басшысы атап өткендей, жаңа Конституция бойынша түпкілікті шешім жалпыұлттық референдум арқылы қабылданады. Бұл – халық еркін тікелей білдіретін, егемен еліміздің демократиялық негіздерін нығайтатын тарихи қадам. Баршаңызды ел болашағы мен өскелең ұрпақтың жарқын ертеңі үшін жасалып жатқан маңызды бастаманы қолдауға шақырамын, – деді өңір басшысы.
Басқосуда облыстық мәслихат төрағасы, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі Абдалы Нұралиев комиссияның атқарған жұмысы мен жаңа Ата заң жобасының негізгі жаңашылықтарына тоқталды.
– Жобаның басты ерекшелігі – адамға бағытталған ұстаным. Жеке тұлғаның құқығы, бостандығы мен қадір-қасиеті ең жоғары құндылық ретінде айқындалған. Бұл – әділетті қоғам құруға деген халық сұранысының айқын көрінісі.
Осы ретте киелі Әулиеата өңірінің тұрғындары ұсынылып отырған өзгерістердің маңызын саралай отырып, Конституцияның жаңа редакциясын қолдайды деген сенім мол, – деді ол.
Жиында Шерхан Мұртаза атындағы Тараз университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Батырбек Құлекеев және облыстық қан орталығының директоры, облыстық мәслихат депутаты Гулам Умаров та жаңа Ата заң жобасына қатысты пікірлерін білдірді.
Кездесу естелік суретке түсумен қорытындыланды.
Leave A Reply

Your email address will not be published.