АУҒАН СОҒЫСЫ АРДАГЕРЛЕРІНІҢ АЙТАРЫ БАР

0 23
Аудандық орталық кітапхананың коворкинг орталығында «АMANAT» партиясы аудандық филиалы мен аталған кітапхана бірлесіп, ауған соғысы ардагерлерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында жаңа Конституция жобасы талқыланды.
Жиынды аудандық мәслихаттың депутаты, «АMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Манарбек Көшкімбаев жүргізіп отырды. «Жаңа Конституцияның басты ерекшелігі қазақ тілінде дайындалды. Бұл мемлекеттік тілімізге деген жоғары құрмет. Сонымен қатар, «Ата Заң», «Әнұран», «Елтаңба» секілді қазақы сөздер балама атау ретінде нақты енгізілді. Мұның бәрі халық үнін естіген, ел мүддесіне құлақ асқан мемлекетте болады. Сондықтан, жаңа жобаны қолдаудың маңыздылығы жоғары» дей келе сөз тізгінін қонақтарға берді. Алқалы жиында пікір білдірген аудандық мәслихаттың төрағасы Нұртас Саурықов жаңа Конституция жобасының бірнеше баптары мен тармақтарына тоқталып, құндылықтарына маңыз берді. «Екі Палаталы Парламенттен Құрылтайға айналудың да өз маңызы бар. Құрылтай төрінде қазақтың құқы мен қасиеті қозғалып, даму тетіктері айқындалып отырады», – деді ол.
Жиынға ауған соғысы ардагерлерінен Антон Кравченко, Бақыт Бейімбетов, Серғали Үйрекбаев, Нәметхан Меркібаев қатысты. Ауған батырлары арасынан Серғали Үйрекбаев сөз алып, жаңа Конституция жобасымен толық танысқанын, сондықтан саналы түрде қызу қолдайтынын айтты. «Біз кезінде Отанның тапсырмасын орындап, шайқасқа түстік. Патриоттық сезім қанымызға сіңген. Мемлекетіміз Тәуелсіз қадамын нықтап, тұрақты дамып келеді. Шүкір аспанымыз ашық, жеріміз тыныштық бесігінде тербеліп тұр. Қазіргі уақыт – нағыз шат заман. Белгілі тұлғалар мен ғалымдар, қайраткерлер ақылдасып келешектің кемел Конституциясын жазып, жобасын халық талқысына ұсынды. Мен сондықтан, жаңа жобаны қолдаймын. Еліме бақ, береке тілеймін» деп ағынан жарылды ардагер.
Жиында аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Сағынғали Аманов, аудандық ардагерлер кеңесі аналар алқасының төрайымы Ғалия Шубаева, ардагер ұстаз Айнаш Боташева өз ойларын білдіріп, жаңа Конституция жобасының халықтық сипатына назар аударды.
Жиынды Манарбек Көшкімбаев қорытындылап, барша қонақтарға және ауған соғысы ардагерлеріне алғысын білдірді.
Есет ДОСАЛЫ,
Мойынқұм ауданы
Leave A Reply

Your email address will not be published.