МИНИСТР – МОЙЫНҚҰМДА
Еліміздің Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов облысымызға жұмыс сапары барысында ауданымызға да атбасын бұрды. Министр аудан орталығы Мойынқұм ауылындағы №18 жаңартылған өрт сөндіру бөлімінің жұмысымен танысу мақсатында келді. Қадірлі қонақтарды аудан әкімі Ермек Карентаев қарсы алды.

Аталған бөлімше ғимараты 1987 жылы салынған. Арада 40 жылға жуық уақыт өткенде, аталған нысан алғаш рет күрделі жөндеуден өтіп отыр. Жұмыс барысында ғимарат пен қызметтік үй-жайлар жаңғыртылып, инженерлік желілер мен тіршілікті қамтамасыз ету жүйелері заманауи қауіпсіздік талаптарына сай жаңарды. Жаңғырту жұмыстары өрт сөндіру бөлімдерінің қызметкерлері үшін заманауи қызмет жағдайын жасауға және халықтың қауіпсіздігін сақтауға бағытталған.

Ғимараттың ашылуына жиналған өрт сөндіру қызметі мамандарының және аталған аудан тұрғындарының алдында министр сөз сөйледі.
– Өрт сөндіру мекемелерінің қуаттылығы – тұрғындардың қауіпсіздігі. Әсіресе, жергілікті бөлімдерге жағдайдың жасалуы маңызды. Мемлекет басшысы Қасым — Жомарт Тоқаев төтенше жағдайлар саласында жаңа бөлімдер ашу, халыққа қолайлы әрі қауіпсіз жағдай туғызу туралы үнемі айтып келеді. Мемлекеттің мұндай қадамы – халыққа деген шынайы қамқорлығы. Министрлік тарапынан жасалып жатқан жұмыстар да аз емес, жоспарларымыз да көп. Мәселен, қала мен ауылда құтқару қызметінің сапасы бірдей болуы керек.

Біз бүгін ауданда жаңғыртылып, ашылған өрт сөндіру ғимаратын көріп тұрмыз. Бұл бөлім – аудандағы маңызды өрт сөндіру бөлімшесі. Біздің міндетіміз осындай заманауи жабдықталған әрі қолайлы нысандардың еліміздің барлық ауылдарында болуын қамтамасыз ету. Біз барлық өңірлерде өрт сөндіру бөлімдерін кезең-кезеңімен жаңғыртуды жалғастырамыз.

Елімізде жаңа Конституция жобасына байланысты өткелі отырған референдум өте маңызды қадам. Бұл маңызды күнде ел тағдырына бейжай қарамай, таңдау жасау баршамыздың міндетіміз. Сонымен қатар сіздерді басталып жатқан Рамазан айы мерекесімен құттықтаймын. Аудан халқының және өрт сөндіруші мамандардың еңбектері елене берсін, — деді Шыңғыс Сайранұлы.
Жиын барысында министр бір қатар азаматтарға марапаттар мен төтенше жағдайға арналған жаңа көліктердің кілтін тапсырды. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі құрылғанына 30 жыл» мерекелік медалімен аудан әкімі Ермек Карентаев марапатталса, облысымыздағы бірнеше аудандық өрт сөндіру бөлімдеріне төтенше жағдайға бейімделген арнайы көліктердің кілті табыс етілді. Онымен қатар жаңа ғимараттың символикалық кілтіне №18 өрт сөндіру бөлімінің басшысы ие болды.
Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары Алтай Әлі де сөйлеп, көпшілікті жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтап, облыс әкімінің де ықыласын жеткізді.
– Бұл ғимараттың ашылуы – қауіпсіздік жолына жасалған маңызды қадам. Өртті сөндіру, төтенше жағдайлардан адамдарды құтқару жолында қатерге бас тігіп жүрген мамандардың істері – нағыз ерлік. Сондықтан, өрт сөндіру саласын қолдаудың маңызы зор. Биыл облыс бойынша өрт сөндіру жұмыстарына 566 миллион теңге қаражат қарастырылып отыр. Осы салада аянбай тер төгіп жүрген азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін, — дей келе өрт сөндіру саласының озат маманы Мейірбек Серікбайұлына облыс әкімі қол қойған «Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін табыс етті. Сонымен қатар, бірқатар аталған сала қызметкерлері облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатына ие болса, бірқатар азаматтарға арнайы автокөлік кілті табыс етілді.
Жиында аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Сағынғали Аманов сөз алып, шалғай ауданға атбасын бұрған Төтенше жағдайлар министрі мен облыс әкімінің орынбасарына алғысын білдіріп, жаңа ғимарат аудан халқына зор қуаныш сыйлағанын, өте қажетті нысан екенін айтып өтті. «Мұндай жаңа нысан шалғай аудан халқына өте қажетті болатын. Тұрғындар ерекше қуаныштарын білдіруде. Сондықтан, осы жаңа бөлім ғимаратының жаңғыруына қолдау жасаған аталған министрлік пен облыс әкімдігіне, барша жауапты азаматтарға көпшіліктің атынан алғысымды білдіремін», — деді ол.
Жаңа ғимараттың лентасын министр Шыңғыс Әрінов пен аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Сағынғали Аманов қиды. Мұнан соң министр бастаған көпшілік жаңа ғимаратқа кіріп, заманауи қондырғылар және арнайы техникалардың жұмысымен танысты.
Есет ДОСАЛЫ,
Мойынқұм АУДАНЫ