Министр уәдесі: Қазақстанда автокөлік арзандай ма?
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев отандық өндірістің кеңеюі есебінен Қазақстан нарығындағы автокөлік бағасы төмендейтінін мәлімдеді. Бұл туралы ол Үкімет үйінде өткен брифинг барысында айтты.
Министрдің айтуынша, отандық зауыттардың өндіріс көлемін арттыруы және модельдік қатарды кеңейтуі нарықтағы баға саясатына тікелей әсер етеді.
«Біздің қазақстандық зауыттар жыл сайын маркалар ассортиментін арттырып отырады. Жаңа маркалардың шығуымен бағалар сөзсіз төмендейді. Мұны нақты айтамын. Біздің автокөліктерді өндіру қытайлық көліктердің де бағасының түсуіне түрткі болады», — деді Ерсайын Нағаспаев.
Үкімет отырысында министр еліміздің автоөнеркәсіп саласы соңғы уақытта қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша:
- Қазақстанда барлығы 171 мыңнан астам көлік құралы шығарылды;
- Оның ішінде 159 мыңы жеңіл автокөліктер.
Бұл көрсеткіш сала тарихындағы рекордтық өсім болып тіркелді. Министрлік отандық өнім үлесінің артуы нарықтағы бағаны тұрақтандырып, тұтынушылар үшін қолжетімділікті қамтамасыз етеді деп сендіріп отыр.
ИЗВЕСТИЯ/Дмитрий Коротаев