Қазақстанда мектеп оқушыларына смартфон қолдануға толық тыйым салынбақ
Қазақстанда мектеп оқушыларының смартфон пайдалануына толық тыйым салу жоспарланып отыр. Тиісті түзету педагог мәртебесі мен білім беру мәселелері бойынша заң жобасына енгізілген, деп хабарлайды
Қазіргі таңда әр мектептің әкімшілігі оқушылардың смартфонды қай жағдайда қолдана алатынын өз бетінше шешеді. Заң бойынша тек сабақ уақытында ғана телефон қолдануға тыйым салынған, ал үзілісте пайдалануға рұқсат етіледі. Егер құрылғы оқу мақсатында қажет болса, мұғалімнің шешімімен қолдануға мүмкіндік бар.
Алайда заң жобасындағы салыстырмалы кестеге сәйкес, бұл норманы алып тастап, оқушыларға гаджет қолдануға рұқсат беру-бермеу құзыретін білім беру саласындағы уәкілетті органға беру ұсынылып отыр. Бұл функцияны Оқу-ағарту министрлігі немесе жергілікті білім басқармалары атқаруы мүмкін.
Депутаттар «Білім алушылардың құқықтары мен міндеттері» туралы 47-бапты мынадай редакцияда ұсынды:
«Орта білім беру ұйымдарында оқу процесі кезінде білім алушылар мен тәрбиеленушілердің ұялы байланыс абоненттік құрылғыларын пайдалануына жол берілмейді. Ерекше жағдайлар білім беру саласындағы уәкілетті орган бекіткен қағидаларда көзделуі мүмкін».
Түсіндірме жазбада үзіліс уақытында да смартфон қолдануға тыйым салу кибербуллинг пен зиянды контенттің алдын алуға, мектептегі тәртіп пен қауіпсіздікті күшейтуге, оқушылар арасындағы тікелей қарым-қатынасты арттыруға және салауатты білім беру ортасын қалыптастыруға мүмкіндік беретіні айтылған.
Дереккөз: https://politico.kz/article/qazaqstanda-mektep-oqushylaryna-smartfon-qoldanuga-tolyq-tyyym-salynbaq
Фото: ашық дереккөз