Өңірлік инвестициялық штабтың отырысы өтті
Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен штаб отырысына Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров арнайы қатысты.

📎Әлібек Қуантыров жиында инвестиция тартудың жаңа тәсілдері туралы баяндады. Сыртқы істер министрі орынбасарының айтуынша, министрлік шетелдік инвесторлар мен өңірлер арасындағы байланысты қамтамасыз ететін үш деңгейлі сүйемелдеу жүйесін қалыптастырған. Елшіліктер арқылы инвесторлар тартылып, орталық деңгейде мемлекеттік органдармен үйлестіру жүргізіледі, ал өңірлік деңгейде жобалар басталған сәттен іске қосылғанға дейін толық сүйемелденеді.
📍Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2029 жылға қарай негізгі капиталға салынатын инвестициялар көлемін жалпы ішкі өнімнің 23 пайызына жеткізу және алдағы төрт жылда кемінде 100 млрд АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тарту міндеті қойылған. Абай облысы әлеуметтік-экономикалық дамудың тұрақты оң динамикасын көрсетіп, жаңа индустриялық орталықтардың бірі ретінде қалыптасып келе жатқанын атап өтті.
«Бүгінде Абай облысы ірі индустриялық және инфрақұрылымдық инвестициялар тарту орталығына біртіндеп айналып келеді. Өңірде энергетика, тау-кен металлургия кешені, логистика, агроөнеркәсіптік өңдеу және туризм салаларында жобалар іске асырылуда және дайындық кезеңінде», – деді ол.
📌Отырыста «Eurasia Agro Semey» ЖШС-нің ет өңдеу кешенін салу жобасы, «АА Агро Семей» ЖШС Мақаншы ауданы аумағындағы «Харвэст» агро-индустриалды кластері жобасы және «MIRYILDIZ KZ Ltd» компаниясының «Жанан» алтын кен орнында металлургиялық зауыт салу сынды өңірдегі ірі инвестициялық жобалар таныстырылды.
⚙️Инвестициялық штаб отырысын қорытындылаған облыс әкімі өңірде инвесторларға қолайлы орта қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты. Өңірдегі инвестициялық ахуалмен танысып, инвестиция тартудың жаңа тәсілдерін түсіндіру үшін өңірге арнайы келгені үшін Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыровқа алғысын жеткізді.
«Мемлекет басшысының инвестиция тарту, экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту және өңірлердің экономикалық әлеуетін арттыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында облыста жүйелі және мақсатты жұмыстар жүргізілуде. Инвестициялық ахуалды жақсарту, инвесторларға қолайлы жағдай жасау, инфрақұрылымды дамыту және жобаларды сүйемелдеу бағытында нақты шаралар қабылдануда. Біздің басты мақсатымыз – тек инвестиция көлемін ұлғайту емес, сонымен бірге аймағымыздың экономикасының ұзақ мерзімді өсімін қамтамасыз етуге ықпал ететін сапалы жобаларды жүзеге асыру. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады», – деді аймақ басшысы.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ