СҚО-да екі жылда 21 мектеп жабылып қалды
Солтүстік Қазақстан облысында соңғы екі жылда 21 шағын жинақты мектеп өз жұмысын тоқтатты. Бұл туралы облыстық білім басқармасы Tizgin.kz редакциясының ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Оқу-ағарту министрлігінің бекіткен нормативіне сәйкес, егер мектептегі оқушы саны 5 баладан кем болса, ол оқу орны жабылуға жатады. Статистикаға сүйенсек, жабылған мектептердің басым бөлігінде небәрі 1-ден 3-ке дейін ғана бала оқыған.
Жабылған мектептердің динамикасы:
- 2024 жылы: 14 мектеп жабылды (5-і қазақ тілінде, 9-ы орыс тілінде оқытатын);
- 2025 жылы: 7 мектеп жабылды (2-і қазақ тілінде, 5-і орыс тілінде оқытатын).
Мектептердің жабылуы облыстың бірнеше ауданын қамтыған. Әсіресе Жамбыл, Тайынша және Ғ. Мүсірепов атындағы аудандарда мектептер көптеп жабылған. Олардың ішінде негізгі орта мектептер де, бастауыш мектептер де бар.
«Алдын ала болжам бойынша, 2026 жылы облыста тағы 3 шағын жинақты бастауыш мектеп нормативке сәйкес келмей, жабылуы мүмкін», — деп ескертеді білім басқармасы.
фото: Envato