Азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру
Облыстағы агроөнеркәсіп кешенін қолдау және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мәселесі талқыланды
Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен кеңейтілген аппараттық кеңесте агроөнеркәсіптік кешені субъектілерін мемлекеттік қолдау шаралары және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша атқарылған жұмыстар барысы талқыланды.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ертай Қуанбаев, кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Айбек Рахымбеков баяндады.


Сонымен қатар, 2025 жылы көктемгі және күзгі дала жұмыстарын жүргізу үшін облыс шаруаларына 51,2 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Ағымдағы жылы 52,8 мың тонна дизель отынына 1 171 өтінім қабылданды. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 1,6 мың тоннаға артық.

«Несиелеу мен субсидиялау тетіктерінің тиімді іске асырылуы ауыл шаруашылығын дамытуға, өндіріс көлемін арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға негіз болатыны сөзсіз. Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерін қолдау бойынша қабылданып жатқан шаралардың тиімді іске асырылуын қамтамасыз етуіміз қажет. Мемлекеттік қолдау тетіктері нақты нәтижеге бағытталып, бөлінген қаржы толық әрі мақсатты игерілуі тиіс. Бұл ретте аудан және қала әкімдіктері, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы басқармасы фермерлермен байланысты күшейтіп, қолдау құралдарының қолжетімділігін арттыру, инвестициялық жобаларды уақтылы іске асыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыс жүргізуі қажет», – деді облыс әкімі.