Облыс әкімі жергілікті ақын-жазушылармен кездесті

0 77
Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Абай атындағы әмбебап кітапханада қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай жергілікті ақын-жазушылармен кездесті. Еркін форматта өрбіген кездесуге өңірдің қала-аудандарындағы зиялы қауым өкілдері, айтыс ақындары, жазба ақындары, қаламгерлер қатысты.
Кездесуді ашқан сөзінде аймақ басшысы зиялы қауым өкілдерінің қоғамдағы рөлінің зор екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты бағдарламалық мақаласында: «Семей өңірі – қазақ тарихындағы киелі өлкенің бірі. Сондықтан елдің рухани дамуында ерекше орны бар Семей қаласын тарихи орталық ретінде белгілеген жөн» деп айрықша атап өткен болатын. Әдебиет пен мәдениеттің қазығы қағылған, киелі Абай елінің руханият сардарларының алдыңғы сапында қалам ұстаған қауымның тұратыны ақиқат. Сондықтан да мен бүгін, Мұқағалидың туған күні – бейресми ақындар күнінде өздеріңізбен арнайы жүздесіп отырмын», – деді облыс әкімі.
📌Кездесу барысында аймақ басшысы өңірдің мәдениет саласында қолға алынған игі істерге, қаламгерлердің табыстарына тоқталды. Қазақстан Республикасы Президентінің өкімімен белгілі ақын Төлеген Жанғалиев мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендия иегері атанды. Айтыскер ақын Әсем Ережеқызы жақында «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығымен марапатталды. Өткен жылы «Абай жолы» кітапханасы» сериясы аясында 25 ақын-жазушының еңбегі жарық көріп, өңір руханиятына нақты қолдау көрсетілді. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасып, алдағы уақытта облыста «Тарбағатай» дәстүрлі өнер театрын ашу жоспарлануда. Облыс әкімі Қайым Мұхамедханұлының 110, Қабдеш Жұмаділовтың 90, Тұрсын Жұртбайдың 75 жылдығы лайықты деңгейде атап өтілетінін айтып, Абай облысының гимнін жазуға арналған «Ұлылар елі» республикалық ән байқауының басталатынын жариялады.
«Бүгін сіздердің орталарыңызда жалпақ жұртқа бір жақсы жаңалықты жариялағым келеді. Мемлекет басшысының әділетті шешімімен Абай облысы құрылып, өз алдымызға отау тіккенімізге де бірнеше жылдың жүзі болды. Енді біздің өңірдің айбынын асырып, елдік рухты көтеретін патриоттық бағыттағы гимнге де, халықтың жүрегіне жететін лирикалық жаңа әндерге де сұраныс бар», – деді облыс әкімі.
➡️Байқау Абай облысының әкімдігі мен облыстың мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен өтеді. «Ұлылар елі» ән байқауы «Киелі Абай елі» облысқа арналған гимн жазу және «Trend auen» заманауи музыкалық шығармалар бағыты бойынша екі бөлімнен тұрады.
⏫️Кездесу барысында зиялы қауым өкілдері аймақ басшысына өздерінің ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан конституциялық реформаның еліміз үшін маңызы зор екенін, жаңа Ата заң жобасын қолдайтындарын атап өтті.
«Мемлекет басшысы елімізде жүйелі реформаларды жүргізіп жатқанын білесіздер. Енді міне Президент реформасының келесі кезеңі конституциялық реформа жасалып жатыр. Былтырғы қыркүйектегі Жолдауында бір палаталы Парламент құру туралы айтып, қазіргі таңда арнайы комиссия құрылып, талқылау жүріп жатыр», — деді облыс әкімі.
🔶Сондай-ақ, басқосуда Абай атындағы облыстық әмбебап кітапхананың директоры Мерей Қарт «Абай жолы» кітапханасы» жобасын таныстырды. Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының төрағасы Дәулет Сметов өңірдегі айтыс өнерінің дамуы, жас ақындарды қолдау және айтыскер ақындар мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының Абай облыстық филиалының жұмысы туралы айтты.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ
Leave A Reply

Your email address will not be published.