Ата Заңның жобасын талқылады
Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия Қазақстан Республикасының жаңа Ата Заңының жобасын жариялады.

Бұл құжат азаматтардан, саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардан түскен ұсыныстарды мұқият талдаудың, ашық қоғамдық талқылаулардың, сондай-ақ жаңа нормалар мен ережелерді жан-жақты әрі тиянақты пысықтаудың нәтижесінде пайда болды.

Конституциялық реформа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанда бір палаталы Парламент құру жөніндегі бастамасының негізінде туындады. Президент бұл идеяны 2025 жылғы 8 қыркүйекте өзінің халыққа арнаған жыл сайынғы Жолдауында елдің саяси жүйесін кешенді жаңғырту және жасанды интеллект дәуірінде Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі оң серпін беру мақсатында айтқан болатын.
Ата Заңның жобасын түсіндіру мақсатында құрылған спикерлер тобы Жуалы ауданы Б.Момышұлы ауылы тұрғындарымен және білім мекемелері басшыларымен кездесті.
Кездесу барысында спикерлер қолданыстағы Конституцияның кейбір баптарын оқып, оларды жаңа жобаға енгізілген өзгерістермен салыстыра отырып түсіндірді. Сонымен қатар Қазақстанның унитарлық мемлекет екеніне ерекше тоқталып, елдің аумақтық тұтастығы мен бірлігі Конституцияның негізгі қағидаттарының бірі болып қала беретінін атап өтті.