Ауыл дамымай, мемлекет дамымайды
Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес аудан әкімі Ернар Есіркепов Құмарық ауылдық округінің тұрғындарымен кездесу өткізіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы негізгі көрсеткіштер мен алдағы кезеңге арналған басым міндеттерді баяндады.
Кездесу барысында ауылдық деңгейде өзекті саналатын мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, таудан келетін ағын суды реттеу мақсатында «Қазсушар» мекемесі мен ауыл белсенділерінің қатысуымен су арналарына зерделеу жүргізіп, нақты шаралар қабылдау жөнінде келісімге қол жеткізілді.

Сондай-ақ ауылішілік көшелерге шағал тас төсеу үшін демеушілер тарту, жаз мезгілінде ауыз суды есепсіз пайдаланудан туындайтын тапшылықтың алдын алу мәселелері көтерілді.
Осы бағытта «Таза су – 2014» мекемесінің өкілдері, ауыл қауымдастығы мен белсенді азаматтардан құралған арнайы комиссия құру туралы шешім қабылданды. Комиссия ауыз суды пайдалану тәртібін жүйелеу және заңбұзушылықтардың алдын алу бойынша нақты жұмыстар атқаратын болады.

Бұдан бөлек, кездесуде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасы жөнінде ақпарат беріліп, Ата Заңға енгізілетін өзгерістердің ел дамуы мен қоғамдық тұрақтылықты нығайтудағы маңызы түсіндірілді.