ТАРАЗДА «ӘЛЕУМЕТТІК ӘМИЯН» ЖҮЙЕСІН ПАЙДАЛАНУ БАҒЫТЫ БОЙЫНША СЕМИНАР ӨТТІ
2026 жылдың 3 тамызында Тараз қаласындағы Жамбыл жоғары инновациялық колледжінің мәжіліс залында «AMANAT» партиясының «ЦИФРЛЫҚ ҚОҒАМ» жобасын іске асыру аясында «Әлеуметтік әмиян» жүйесін пайдалану бағыты бойынша семинар ұйымдастырылды.

Аталған іс-шараға барлығы 150-ге жуық адам қатысып, олардың қатарында жұмыс тобының мүшелері, Тараз қаласы мектептерінің әлеуметтік қызметкерлері (тамақтануға жауапты), ата-аналар комитеттерінің төрағалары, білім саласы ардагерлері кеңесінің мүшелері және өзге де мүдделі тарап өкілдері болды.
Семинар модераторы – облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Жасұлан Бекболатұлы Атенов кіріспе сөз сөйлеп, «Әлеуметтік әмиян» құралын енгізудің маңыздылығына тоқталды. Ол бұл цифрлық құралдың әлеуметтік қолдау шараларының ашықтығын арттыруға, мемлекеттік көмектің нақты мақсатты топтарға жетуіне ықпал ететінін атап өтті.

Іс-шара барысында «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Дауыл Ынтықбайұлы Бейсенқұлов сөз сөйлеп, партия тарапынан цифрландыруды дамытуға, әсіресе әлеуметтік салада заманауи технологияларды кеңінен қолдануға ерекше көңіл бөлініп отырғанын жеткізді.

Семинардың негізгі баяндамасын Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Мемлекеттік қызметтер комитетінің бас сарапшысы Тукатова Әсем Нұрмұханбетқызы жасады. Ол «Әлеуметтік әмиян» жүйесінің жұмыс істеу тетіктерін, оны білім беру саласында, соның ішінде мектеп оқушыларының тегін ыстық тамағын ұйымдастыруда қолдану ерекшеліктерін жан-жақты түсіндірді.
Семинар соңында қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріліп, жүйені енгізу барысында туындайтын практикалық мәселелер талқыланды.