БІЗ ҚАЛАЙ ТАТУЛАСТЫҚ?!……
Күйеуім екеуміздің арамыз суып бара жатқанына біраз жылдардың жүзі өткен. Мүмкін отбасындағы материалдық жетіспеушілік әсер етті ме, әлде жылдар өте, бала-шаға өсе келе ерлі-зайыптылардың суынуы заңдылық па, білмеймін. Әйтеуір шүйіркелесіп отырып бір дастархан басынан ас ішуіміз мұңға айналды.
Тамақ ішіп отырғанда артық әңгіме айтпауға тырысамыз. Тіпті теледидарды да бірге қарамаймыз. Себебі біреуіміз сөйлеп келе жатсақ, екіншіміз міндетті түрде оған қарсы шығып, пікірлеріміз қабыспай, ақыры жанжалға ұласып кететін. Бірақ екеуміз де бір-бірімізді тастап кетіп қалмай, бір шаңырақтың астында тұрып жатырмыз. Мүмкін есейіп қалған балаларымыздан ұяламыз ба екен? Әйтеуір қанша арамыз суыса да ажырасып кетпедік. Әркім өзімен-өзі бір үйде тіршілік кешіп жаттық. Оның қызығушылығы өзінде, менікі өзімде. Бір-бірімізбен шаруамыз жоқ. Кейде отырып ойланатынмын. Жастау күнімізде анамыз көрші әйелдермен сөйлесіп отырып бір-біріне: «Ойпырмай, еркек деген қартайған сайын қатынжанды бола ма? Көздерінен таса еткісі келмейді ғой», – деп отырушы еді. Біздікі керісінше болды ғой деп. Шынында бір жерге баратынымды айтсам, құлықсыз бара бер дейді. Бірге барайық, бірге жүрейік деу жоқ.
Сонымен не керек, бір күні күйеуім сырттағы суды ішке кіргізетін болып, «септик» қазды. Күндіз балалар үйде бола бермейді. Екеуден екеу ғанамыз. Жер қазу да оңай жұмыс емес қой. Шай-суын апарып беріп жанында жүремін. Шұқыр сәл тереңдегеннен кейін жалғыз өзіне қиын ғой деп, топырағын шелектеп тартып тұрдым. Күйеуім: «Шұңқырдан топырақ тарту оңай емес, сен ауырып қаларсың», – деп көмектесуге бірер танысын шақырған. Бірақ олар қолдары тимейтінін айтып келе қоймады. Бастаған істі аяқсыз қалдырамыз ба, екеулеп қаза бердік. Шұңқыр тереңдемей тұрып топырақ толы шелекті тартып алу онша қиын болмады. Тереңдегесін қиынсына бастадым. Осыны сезген күйеуім: «Сен ауырып қаларсың, мен топырақты қазып, бір шетіне үйіп қояйын, сен төмен түсіп маған шелекке салып беріп тұр. Өзім тартып шығарамын», – деді. Мен келістім. Шынын айтқанда күйеуімнің мұндай қамқорлығын сезбегеніме біраз уақыт болған. Сағынып қалған екенмін. Ұнай бастады. Саты қойып, шұңқырға түсіп бара жатқанымда күйеуім абайла деп, саты қимылдамаса да бір шетінен ұстап тұрады. Шығып келе жатқанда қолымнан тартып шығарып: «Шаршап қалмадың ба? Белің ауырып қалмады ма?» деп сұрайды. Үйге келгенде балаларға: «Шешелерің шаршады. Тезірек көрпеше салып беріңдер, жатып демалып алсын. Шай әкеліңдер», – деп жанашырлық танытқанда әжептеуір болып қалады екенсің. Шынын айтайын, қара жұмыстан шаршасам да, дәл сол кезде күйеуімнің осы мейірімінен айырылып қалмау үшін жұмысымыз біраз күнге созылуын тіледім. Алайда екеуміз бірдей жабылғаннан кейін не оңсын, жұмысымыз үш-төрт күнде бітіп қалды. Бірақ содан кейін қарым-қатынасымыз жөнделіп, бұрынғыдай бір-бірімізге аларып-құларып отырмайтын болдық.
Осыдан кейін мен ерлі-зайыптылардың бұзылған қарым-қатынасын реттеуге кейде қиыншылық пен бейнеттің де қосар үлесі бар-ау деген ойға қалдым. Себебі анамнан де, енемнен де олардың заманында ауыр бейнет, қиыншылық, жетіспеушілік көп болса да, ажырасу болмағанын естігем. Ол кісілер: «Бүгінгінің жастары шыбық тимей шыңқ етерлер. Бар дүниесі түгел, ішкені алдында, ішпегені артында, тамағы тоқ, киімі көк болғасын ерігіп, бір-бірімен ұрыспағанда не істейді?» – деп отырушы еді. Сол сөздерінің жаны бар ма, қайдам? Әйтеуір не болса да «септик» қазып қиналамыз деп күйеуім екеуміздің татуласып кеткеніміз дұрыс болды. Әйтпесе, келін түсіріп, қыз ұзатар кезімізде бір-бірімізге алакөз боп отырар ма едік?!……
Ж. БЕКЖАН.