Жуалы аудандық ардагерлер кеңесінің IX конференциясы
Бүгін Жамбыл облысының Жуалы ауданында «Ардагерлер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық Кеңесінің 2025 жылғы 14 қарашадағы №8 «Республикалық ардагерлер ұйымының есеп беру-сайлау науқанын өткізу туралы» Қаулысын және Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің төралқа шешімін басшылыққа ала отырып Жуалы аудандық ардагерлер кеңесінің IX конференциясы өткізілді.

Аудан әкімі аппаратының үлкен мәжіліс залында ұйымдастырылған алқалы жиынға бастауыш ардагерлер ұйымдарынан сайланған 81 делегаттардың 75-сі қатысты. Конференцияның жұмысына аудан әкімі Жалғас Мұртаза, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев, сонымен қатар, жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, мекеме басшылары, ауылдық округтің әкімдері және БАҚ өкілдері шақырылды.

Конференцияның күн тәртібінде:
1 – Жуалы аудандық ардагерлер кеңесінің 2024-2025 жылдардағы атқарған жұмысы мен алдағы уақытта атқаратын міндеттері туралы,
2 – аудандық ардагерлер кеңесінің Пленум мүшелерін сайлау туралы,
3 – Жамбыл облыстық ардагерлер ұйымының ІХ конференциясына делегаттар сайлау туралы,
4 – 2025 жылы бастауыш ардагерлер ұйымдарында атқарылған жұмыстардың қорытынды рейтингісі туралы және үздік бастауыш ардагерлер ұйымын марапаттау.

Конференцияны аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев ашып, жүргізіп отырды. Күн тәртібіндегі бірінші мәселеге сәйкес, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Жұмашев ауқымды баяндама жасады.
Жарыссөзде тыл ардагері Лидия Захаровна Ходкевич және аудандық әкелер кеңесінің төрағасы Нұридин Нұрғабылов, т.б. азаматтар сөз сөйлеп, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Аудандық ардагерлер кеңесінің IX конференциясында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев сөз сөйледі.
– Облыс көлемінде бірде бір іс-шара ардагерлердің қатысуынсыз өтпейтіні белгілі. Бұл – аға буынның қоғамдағы абырой-беделі мен рөлін көрсетсе керек. Ел арасындағы береке-бірлікті сақтап, ынтымақты ұйытып, жастарды Отансүйгіштікке шақыру, тағы да басқа елдік істерден Жуалы ауданының ардагерлері де қалыс қалып отырған жоқ. Бұл өңірдің ардагерлері барлық уақытта игі істердің алдыңғы қатарынан табылып, қоғамға үлгі болып келе жатқанын баса айтуға тиіспіз. Жалпы қоғамды тәрбиелеу – көпті көрген ақылман аға буынның еншісіндегі жұмыс. Елдің бірлігін сақтап, халықты ортақ мақсатқа жұмылдыру – оңай жұмыс емес. Өңірдің ардагерлері әрдайым бұл үдеден шығып жүр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бастамасымен Қазақстанда ауқымды саяси өзгерістердің қолға алынғаны белгілі. Биыл да Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысында Президент елде конституциялық және парламенттік реформалауға бағытталған саяси шешімдердің жүзеге асырылатынын айтты. Бұл – елдің болашағына, жас ұрпақтың жарқын өміріне бағытталған аса маңызды бетбұрысты қадам. Бұл істерден де аға буын өкілдері мен ардагерлер тыс қалмауы қажет.
Күні кеше ғана Президенттің шешімімен «Қазақстан балалары» аталатын тұжырымдама қабылданды. Мұның барлығы жас ұрпақтың болашағына бағытталған игілікті жұмыстар. Ұрпақтың амандығы мен қауіпсіздігі, олардың жайлы өмірі бәрінен маңыздырақ. Одан бөлек, Президент ұсынған «Заң және тәртіп» қағидатын қоғамда терең орнықтыруға тиіспіз. Бір сөзбен айтқанда, өңір ардагерлері елдегі барлық саяси үдерістен, қоғамды дамыту жұмыстарынан тыс қалмауы қажет,- деді Еркінбек Бейсенбекұлы.
Ардагерлер жиынында сөз сөйлеген аудан әкімі Жалғас Мұртаза ауданның негізгі даму бағдарлары, экономикадағы өзгерістер, ардагерлердің қоғамдағы рөлі және аға буын мен жас ұрпақтың арасындағы ұрпақтар сабақтастығы туралы келелі ой-пікірін ортаға салды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Пленум мүшелері 27 адамнан сайланып, 9 адамнан аудандық ардагерлер Кеңесінің төралқа мүшелері сайланды. Конференцияда төралқа мүшелерінің шешімімен аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы болып Жұмашев Сейітхан Шерелханұлы, оның орынбасары болып Ералиев Абуғали Әбделіұлы қайта сайланды.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша Жамбыл облыстық ардагерлер Кеңесінің 9 конференциясына 9 делегат сайланды.
Төртінші мәселе бойынша есепті мерзімде жемісті жұмыс атқарған бірқатар бастауыш ардагерлер ұйымының төрағалары облыстық ардагерлер кеңесінің, аудан әкімінің және аудандық ардагерлер кеңесінің Алғысхатымен және заттай сыйлықтармен марапатталды.