Қазақ келіндері неге күйеуінің атын атамаған? «Ат тергеу» салты жайлы не белгілі?
Қазақ халқының ертеден келе жатқан салт-дәстүрінде «ат тергеу» деп аталатын аса қастерлі әдеп бар. Бұл — ұлысқа, елге, қауымға еңбегі сіңген, жасы үлкен, сыйлы адамдардың атын тіке атамай, жанама атау арқылы құрмет көрсету дәстүрі. Қазір бұл салтты ұстанатындар бар.
Ат тергеу, әсіресе, жаңа түскен келіннің келген (тұрмысқа шыққан) жұртына қатысты қалыптасқан. Келін ата-енесінің, қайнаға-абысындарының, қайын сіңлілері мен қайныларының, сондай-ақ ауылдағы үлкен кісілердің атын атамай, өзінше лайықты ат қояды. Бұл — келіннің ибалылығы мен көрегендігін, тапқырлығы мен сөзге шешендігін танытатын өлшем.

Сурет: qarmaqshy-tany.kz
Бұл дәстүр туралы әдебиетте алғаш рет орыс шығыстанушысы Н.И. Ильминский жазған екен. Ол:
«Күйеуінің туыстарының атын келін еш уақытта атамайтын. Оның аға-інілеріне, апа-қарындастарына арнайы ат қоятын…» – деп атап өткен.
Келіннің ат қоюы күйеу жағынан туыстарының жасына, жынысына, туыстық жақындығына, мінез-құлқы мен сыртқы ерекшеліктеріне байланысты болған. Әркімге жарасымды, ұнамды ат табу — кез келген келіннің қолынан келе бермеген.
Ат тергеудің тәрбиелік мәні
Бағзыдан келе жатқан бұл салт жайлы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Тарих факультеті Археология, этнология және музеология кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Бибизия Кенжебекқызы Қалшабаева да өз пікірін білдірді.
Ғалымның айтуынша, қазақтың барлық салт-дәстүрі өмірден алынған. Ат тергеу де — тұрмыстың, күнделікті қарым-қатынастың нәтижесінде қалыптасқан әдеп үлгісі.
«Ат тергеу дәстүрі жаңа түскен келіннің жаңа отбасына келгеннен кейін ата-енесіне, үлкен-кіші қайын жұртына көрсеткен құрметі мен ізетінің белгісі. Бұл — келіннің кішіпейілдігін, көрегендігін, парасаттылығын білдіреді. Үлкендердің атын тіке атамай, жанама атау арқылы сыйлау — қазақы әдептің көрінісі», — дейді профессор.
Спикердің сөзінше, осы күні ат тергеу кеңінен қолданыста болмағанымен, бұл дәстүр мүлде жойылды деуге әлі ерте. Әсіресе, оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерде, Қызылорда сынды қазақы аймақтарда бұл әдептің сарқыншақтары сақталған.
Келіндер қайын жұртын қалай атаған?
Жаңа түскен келін түскен үйдің баласындай қабылданған. Сондықтан:
- күйеуінің атасын — ата, әке;
- әжесін — әже;
- әкесін — үлкен ата, ата, кіші ата деп атаған.
Ал басқа туыстарына мынадай аттар қойған:
- Қайнағаларына: үлкен аға, жақсы аға, ағакем, көке;
- Інілеріне: сал жігіт, мырза жігіт, ортаншым, тетелес, кенже;
- Қайын сіңлілеріне: еркежан, еркем, шырайлым, айдарлым, кекілдім;
Абысын-ажындарын да үлкен апа, кіші апа, жақсы апа, жеңешем деп атау қалыптасқан.
Ел ішінде беделі бар, би, болыс болған қайнағаларын би аға, би ата, болыс аға деп атау да кездескен.

Сурет: жасанды интеллект
Атты атамаудың шегі
Әдепті келіндер ат тергеуге соншалықты мән бергені сонша, қайын ата, қайын ағаларымен аттас бөтен адамдардың да атын тура айтпаған. Мысалы, Ахметті — Сахмет, Әліні — Сәлі, Тұрсынды — Мұрсын деп өзгертіп атаған.
Сондай-ақ ауылдағы үлкендердің атын атамау үшін мағыналас балама сөздер қолданған. Мәселен, Қасқырбайды — Бөрі ата, Алтыбайды — Бестен артық, Айтуғанды — Түнгі жарық деп атау соның дәлелі.
Қазақ әйелдері күйеулерінің де атын атамай, отағасы, біздің үйдің кісісі деп сөйлеген. Күйеуінің құрдастарына дейін құрмет көрсетіп, құрдас деп атаған.
Ат тергеу — мәдени этиканың көрінісі
Келіннің қойған жанама аттары оның сөз саптауына, ой ұшқырлығына, тапқырлығына тікелей байланысты бағаланған.
Профессор Бибизия Кенжебекқызы Қалшабаеваның айтуынша, келін ат қоюда адамның есімін ғана емес, оның мінез-құлқын, сыртқы келбетін, жас ерекшелігін, ел ішіндегі орнын да ескерген. Әр адамға лайықты, жарасымды атау табу — келіннің парасаттылығы мен білімділігін көрсеткен.
Осы тұрғыдан алғанда, ат тергеу — үлкенге құрмет, кішіге ізет білдірудің, сөз қадірін білудің, ұлттық әдеп пен мәдени этиканың айқын көрінісі. Бұл дәстүр арқылы келін тек жаңа әулетке сіңісіп қана қоймай, сол ортаның рухани талаптарын да терең түсінген.
Жамандықтан қорқып атын атамаған
Дегенмен, қазақ тұрмысында белгілі бір атауларды атамау тек ат тергеумен ғана шектелмеген. Халқымыз жамандықты шақырмау, кесапаттың алдын алу ниетімен кейбір құбылыстардың атын тікелей атамаған. Бұл — ырымға, сенімге негізделген бөлек дәстүр.
Профессор Бибизия Кенжебекқызы Қалшабаеваның айтуынша, қазақтар ауру-сырқау мен қауіп-қатердің атын тура атаудан сақтанған. Мәселен, қатерлі ісік ауруын «обыр» демей, «жаман ауру» деп атаған. Қызылшаны «әулие» деп, қасқырды «ит-құс»деп атау да — жамандықтың бетін аулақ қылсын деген сенімнен туған.
«Бірақ мұның ат тергеуге тікелей қатысы жоқ. Бұл – жамандық қайталанбасын, көбеймесін, жайылмасын деген ырымнан шыққан ұғымдар», – деп нақтылайды ғалым.
Осылайша, ат тергеу — әлеуметтік әдеп пен құрметке негізделген мәдени құбылыс болса, ал жамандықтан қорқып ат атамау — халқымыздың дүниетанымы мен сенімінен туындаған танымдық дәстүр.
Замана және дәстүр
Ат тергеу немесе ат қою — халқымыздың адам сыйлау жөніндегі ізеттілік пен кішіпейілділік қасиеттерінің биік көрінісі. Қазақ танымында өзінен үлкен адамның атын тура атау көргенсіздік, тәрбиесіздік саналған. Бұл ұғымдар алғашында діни наным-сенімдерге негізделсе, кейін келе ұлттық ғұрыптың ажырамас бөлігіне айналды. Табу сөздерді (айтуға тыйым салынған) орынды эвфемизмдермен алмастыра білген келінді ата-бабамыз «көргенді қыз», «тәрбие көрген қыз» деп жоғары бағалаған.
Қыз баланың салт-сананы сақтауы, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуі — ең алдымен ата-анасының берген тәлімі мен отбасында көрген тәрбиесіне байланысты. Өйткені қыздың әрбір іс-әрекеті мен сөйлеген сөзінен оның тәрбиесінің деңгейі көрініп тұрады. Дегенмен қазіргі қоғамда келіндердің енесін «енешка», «күйеуімнің мамасы», «ана үйдегі кемпошк» секілді салқын, немқұрайлы атаулармен атауы жиілеп бара жатқаны да жасырын емес.
Ұлт бойындағы тілін, дінін, әдет-ғұрпын, салт-санасы мен дәстүрін атадан балаға жеткізуші «әйел-ана» екені даусыз. Демек халқымыздың береке-бірлігін, туыстық татулығын сақтауда және дамытуда әйел адамның, соның ішінде келіннің орны ерекше. Осы тұрғыдан алғанда, ат тергеу дәстүрі – қазақ халқының қыз тәрбиелеудегі биік талғамы мен рухани мәдениетінің айнасы болып қала бермек.
Сурет: Жасанды интеллект, Aqshamnews.kz
Aqshamnews.kz