Баланы ұлша тәрбиелесең — ұл болады…

0 13
Бүгінгі күндері ушығып тұрған мәселенің бірі – ұрпақ тәрбиесі. Ол туралы аз айтылып, аз жазылып жүрген жоқ. Теледидардан еліміздің әр өңірінде болып жатқан жастар, тіпті мектеп оқушылары арасындағы әлімжеттік кикілжің-төбелестерді, бірі-біріне көрсетіп жатқан жауыздық пен зорлық-зомбылықты көріп отырып, төбе шашың тік тұрып, «мына жастар қайда кетіп барады?» деп еріксіз қынжыласың. Неге қазіргі жас ұрпақ мейірімсіз, тым қатігез, бір-біріне деген аяушылық, жанашырлық сезімдері жоғалып, тоңмойын болып барады? Оған жауап іздеп, ой түбіне жете алмай, басың мең-зең болады.

Жастар туралы сөз қозғалғанда Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» атты өлең жолдары еске түседі.

Ол өлеңде ақын:

«Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты

Қырандай күшті қанатты,

Мен жастарға сенемін!

Көздерінде от ойнар,

Сөздерінде жалын бар.

Жаннан қымбат оларға ар,

Мен жастарға сенемін!», – деп жастарды көтермелеп, оларға рух үрлеп, ағынан жарылған болатын. Қазіргі жастар сол сенімнен шығып жүр ме? Еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанда» ақын Ақұштап Бақтыгереевадан журналист Айгүл Аханбайқызының алған сұхбатында ақын былай дейді: «…ұлтты сапалы, дұрыс ұрпақпен қамту үшін Бауыржан Момышұлы айтқандай, әлди айтатын ана, ертегі айтатын әже болуы керек.

Қазір балабақшаның тәрбиесін осы бағытқа құруды көздеу керек. Бәлкім, сонда біз ұлтымызды, ұрпағымызды түзейміз. Ал енді қазір телефоннан көргенсіз нәрселерді оқып, көріп өз бетімен өсіп жатқан кішкентай ұрпақты қайта түзеп алу қиын болады. Осыдан кейін «тәртіпсіз ұл, тәрбиесіз қыз қайдан шықты?» дейміз.

Тәрбиеге шешенің айғайынан гөрі, әкенің «әй» деген бір сөзі ер балаға өтімдірек. «Әкеңді сыйла» деген сөз әр отбасында күн сайын айтылуы керек. Бұл – біздің бабалардан келе жатқан тәрбие дәстүрі. Қазір жастардың, әсіресе қазақ қыздарының тәрбиесі уыстан шығып кетті деп шырылдап келе жатқаныма отыз жыл болды. Бізге ұлттық идеологияны дәріптейтін насихатшылар даярлау керек еді. Оның орнына медреселер балалардан шала молда дайындап берді. Қазір садақаларды жинап алып, дәріс оқитын солар. Тойларға келіп бата беріп, дәріс оқитын солар. Тіпті баланы сүндеттесе де, бесікке салса да, тұсауын кессе де, солар қабаттасып келіп халыққа уағыз айтып жатыр. Ал кітап оқымайтын, сауаты төмендер осылардың соңынан еріп барады.

Біз ғылымға, білімге ұмтылған, медицинаның дамыған, жасанды интеллект келіп, көмекке араласқан, техниканың қарыштап дамыған заманында, өз қағынан жеріп, өзге сенімнің ығына жығылған қыздарымыздың қара жамылып, баласын мектепке жібермейтін надандыққа қалай кетіп қалғандарына таңым бар. Неге бұлай болды? Бұған қалайша жол береміз? Бұл енді тұтас ұлт болып ойланатын мәселе», – деп күйінеді.

Әрі қарай Ақұштап Бақтыгереева: «Еркіндік пен ерсілік екі нәрсе. Кей қаламдас сіңлілерім «еркінмін» деп ерсі кетіп бара жатыр. Мен әр жерде айтып жүремін. Қыздарға ешқашан «мен сені сүйемін» деп айтпа деп. Қыз бала жұмбақтығымен, өзінің биіктігімен, қол жетпес қасиетімен ерекше болуы керек. Сұлу гүлге ұмтылған сияқты ынтықтырып, ұмтылтып қою керек қой. Бұлар қазір әркімнің қолында. Ол туралы да бір жазыппын. «Неге сен қыз бола тұра жұмбақ болмайсың? Неге сен көрінген жігіт ұстай салатын арзан затқа айналасың?».

Қыз бала өзін таза ұстап үйрену керек. Ол тағы да үйдегі тәрбиеден-ау деймін. Сосын мына қоғамда басқа жақтан келіп жатқан ағымға еріп тұрған қыздар өзінің ұлттық болмысын жоғалтқан. Оның бәрі өлеңге де беріліп жатыр. Қыз бала нәзіктігін сыйлата алмайды. Ал нәзіктік пен тазалыққа кез келгеннің қолы да, батылы да бармайды. Ол кәдімгі қару. Қыз бала өжетпін деп төбелесуге бола ма, еркінмін деп ерсіленуге бола ма? Еркіндік берілді деп аузыңа келгенді сөйлеуге бола ма?

Осының барлығы біздің ұлт-тық тәрбиеде бар. Ол ауыз әдебиетімен, ананың тәрбиесімен беріледі. Сондықтан бізге қыз тәрбиесімен айналысатын, ана тәрбиелейтін мектепті бөлек ашпасақ болмайды» деген ұсынысын білдіреді. Өте орынды айтылған пікір-ұсыныс! Көптің ойында жүрген, қоғамды қобалжытып жүрген жанайқайы.

Мойындауымыз керек, КСРО ыдыраған өткен жүзжылдықтың 90-шы жылдары елімізде жұмыс орындары, зауыттар мен кәсіпорындар тоқтап, жаппай жұмыссыздық орын алып, күн көрудің жолын таппай халық қатты күйзеліске ұшырады. Жан сауғалап, нәпақасын табу үшін ала дорбасын иығына іліп, бір қаламен екінші қала арасын жол қылып, базар аралап кетті. Советтік идеология құрдымға кетіп, жастар тәрбиесі өз бетіне жіберілді. Қиын кезеңде онымен айналысуға мүмкіндік тым аз еді. Енді, міне егемендік алып, 30 жылды артқа тастап, өз қолымыз аузымызға жетті деген уақытта біздің келешегіміз деп сенім артып отырған жастарымыздың басым көпшілігі «жүгенсіз» кеткені қатты сезініп отыр. Ол жылдардағы жастарды бүгіндері «жоғалған ұрпақ» деп атап жүрміз.

Шынында, сол кезеңнің жастарынан дүниеге келген қазіргі балаларының бойында жөнді, оңды тәрбие алмағандары, ежелден ата бабамыздан келе жатқан ұлттық тәрбие мен салт-дәстүрді сақтау кемшін екені көзге ұрып тұрады. Тіпті, олардың өзара қарым-қатынасы, сөйлеу, сыйласу мәнері өзгеше. Ел мүддесі мен келешегін ойлайтын рухани бай жастарды тәрбиелеу үшін отбасының, ата-ананың алар орыны ерекше. Бала тәрбиесіндегі ата-ананың, отбасының маңызды екендігін білген халқымыз: «ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» дегенді тегіннен тегін айтпаған және аз сөзбен-ақ ұлы ұғымға меңзей білген. Кешегі Кеңестер Одағы кезінде бала тәрбиесіне октябрят, пионер, комсомол ұйымдары да жауапты болып, балаға берілетін тәрбиенің шаруасына олар белсене араласқаны белгілі.

Солай дей тұрсақ та жаңа туған баланың бойындағы рухтың дамуына тіл мен діл отбасында беріліп, ата-ананың тынымсыз жасаған еңбегімен қалыптасатыны белгілі. Ұлтымыздың бас ұстазы Ахмет Байтұрсынов: «Баланы үйіңде ұлша тәрбиелесең – ұл болады, құлша тәрбиелесең – құл болады» депті. Осыны еске алсақ, бала тәрбиесі отбасына, сол балаға ата-анасының берген үлгі өнегесіне тікелей байланысты екенін көреміз. Ғылыми негізге сүйенсек адам баласының бүкіл тәрбиесінің негізгі қоры 18 жасқа дейін жиналып болады екен. Қалған өмірінде оны толықтырады, дамытады. Ендеше, жаңа туған баласын кәмелеттік жасқа жеткенше қолында ұстап келген әрбір ата-ана оның әр күніне, әр сағатына ерекше мән беріп, уақыт өткен сайын сол баланы тәрбиелеудің жайын есінен шығармауы керек. Ертең өскен соң қатарына қарап жақсы болып кетеді ғой деп арқасын кеңге салған ата-ана ұтылады, бала тәрбиесінде үлкен кемшіліктерге ұрынады. Мына оқтай зымыраған уақытты тым бейберекет жіберуге болмайды.

Уақыт – адамға берілген байлық. Оны жалқаулықа, ұйқыға, басқа да толып жатқан келеңсіздіктерге жұмсап жүрген жастар аз емес. Сол үшін де әрбір ата-ана уақыттың қадірін өзі ғана біліп қоймай оны баласына – болашақ өмірін жалғастыратын оларға да үйреткені дұрыс. Уақытты тиімді пайдалана білген адам өмірден өзіне қажетін толық ала алады. Отбасы – әр адамның тәрбиелі болып өсуіне арналған алтын бесік. Сол бесікте тербелген бала болашақта елге елеулі, қатарына сыйлы, ата-анаға мақтаныш болып өсері анық. Сондай үйлерден өріп шыққан балалар өскен соң ұлтымыздың руханиятына өлшеусіз үлес қосады.

«Бізде жастарды тәрбиелейтін, оларды адам етіп қалыптастыратын, ұлттық мәдениетті бойларына сіңіретін идеология жоқ» деп жиі айтылады. Шынында солай. Көп жастардың тәрбиесі уыстан шығып барады. Оған бала өсіріп отырған әр отбасы кінәлі.

«Бала тәрбиесі – тал бесіктен», «Отан – отбасынан басталады» деп қазақ бекер айтпаған. Жас адам көк шыбықтай иілгіш келеді. Егер бала тәрбиесінде уақыт жіберіп алсаңыз, оған өзіңіз бармағыңызды шайнап, кейін өкінесіз. Қазіргі қоғамда әр үшінші бала әкесіз немесе шешесіз өсіп жатқаны мәлім. «Сүйдім», «күйдім» деп үйленіп алып, бірер уақыттан соң махаббат сезімдері желге ұшып, бірінен бірі жеріп, «мінезіміз жараспады» деп ажырасып жатқандар саны жыл өткен сайын көбеймесе, азаймай тұр.

Өкініштісі, өмірге тым жеңіл қарайтын, жауапкершілікті сезінбейтін жастар қауымы өсіп келеді. Біреуден ажырасып, келесісіне үйленіп, бейберекет, тайғанақтап, берекесіз жүргендері де табылады. Олардан дүниеге келген балалар «тірі жетім» атанып, жөнді тәрбие көрмей, ызақор, ашуланшақ, қатігез, мерез болып өсіп, өмір бойы қиналып өтетінін олар есепке ала бермейді. Әлгіндей «жартылай отбасында» өскендердің базбіреулері жастайынан адам тағдырына кері әсер едетін топқа – ұры қарыларға, бұзақыларға, нашақорлар мен маскүнемдерге қосылып, адамдықтың адал жолынан ауып, қоғамның кесіріне, сыздауық шиқанына айналады. Олардан тек ағайын-жақындары ғана қиындық қасірет көрмей, мына орта, қазіргі қоғам да қажиды.

Ұлтымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан отансүйгіштік тәлім дәстүрлерін, әдістері мен құралдарын жинақтап, оны бүгінгі оқушы тұлғасын қалыптастыруда ұтымды қолдану – уақыт талабы. Зерттеуші ғалымдардың, педагогтардың тұжырымдары бойынша, жас ұрпақты отансүйгіштікке баулуда баға жетпес педагогикалық құрал – батырлардың қаһармандық бейнесі және оның қазақ ауыз әдебиетінде, тарихында, көркем шығармаларда сомдалуы болып табылады десек, одан қазақ батырларының бойындағы елдік қасиеттердің жиынтығы да, азаматқа тән адамгершілік болмысы «сегіз қырлы, бір сырлылық» та, шешенге тән алымдылық та, данаға тән білгірлік те, биге тән көсемдік те, әулиеге тән көрегендік те табылады.

Сөзіміз дәлелді болу үшін Ер Төстіктің қаһармандығын, Бекет атаның бойындағы әулиелігін, Исатай батырдың ел бастаған билігін, Сырым батырдың шешендігін, Б.Момышұлының батырлығын айтуға болады. Тамыры терең тарихымызды жастар бойына сіңіре білгеніміз жөн. Балабақшалардың тәрбиешілері алдындағы жас балғындарға халық батырлары, ұлтымыздың салт дәстүрлері туралы ертегілер мен аңыздар айтып, олардың бойына отансүйгіштік, ұлттық намыс сезімдерін сіңіре білу керек. Мектеп жасындағы оқушыларға да сондай тәрбиелік мәні бар сабақтар өте қажет.

Тағы бір ойға келетін мәселе – бүгіндері көпшілік, әсіресе қазақтар арасына кең тарап бара жатқан умра қажылыққа бару. Кім болса сол жаңбырдан кейін жарыса шыққан саңырауқұлақтай қаптаған туристік фирмаларға тиісті ақшасын төлеп, Арабияның, бүкіл мұсылман әлемінің қасиетті шаһары Меккеге сапар шегіп, керекті рәсімдерін орындап, «Қажылықта болды» деген сертификатын алып, ерекше мақтанышпен кері қайтып жатыр. Базбір мәліметтер бойынша, тек қана біздің Қазақстаннан жылына бір миллионға жуық әлгідей «туристер» осы жолмен қажы атанып жүр екен. Олар шынымен, таза пейілмен, дұрыс діни сеніммен барып жатса бір бөлек, тек «қажы» деген атақ алу үшін барғандар санында есеп жоқ.

Әлгі қажылыққа барып-келгендердің біразы бірер уақыттан кейін біреулерге орынсыз қиянат жасап, шалқып жүргенін көргенде біртүрлі ыңғайсыз сезімде боласыз. Ондай болса олар кімді алдайды? «Имандылық – әркімнің жүрегінде» деген қазақтың қанатты сөзі бар емес пе? Сондықтан қажылыққа ары мен ойы таза, діни сенімі терең, абыройы берік, ішкі мәдениеті жоғары, сана дайындығы бар жан ғана бару керек. Әйтпесе, оны біраз қандастарымыз еріккеннің ермегіне, даңғазалыққа айналдырып жібергені жасырын емес. Ол – қазақтың тағы бір дарақы, даңғаза атқа, атаққа құмарлығының бір қыры. Сөйтіп, олар өзге мемлекеттің бюджетін миллиондаған долларға толықтырып, сол елді байытып отыр. Соны түсініп, жеңіл кәсіпке дәнігіп алған арабтар жыл өткен сайын белсенділігін арттырып, таза бизнеске, баю жолына айналдырып алды. Бірақ, өкінішке қарай, оны түсініп отырған көпшілік жоқ.

Қысы, жазы Меккеге тоқтаусыз, шектеусіз ағылып барып жатыр. Таза, адал оймен, басты мақсатпен барып жатқандардың ниеттері қабыл болсын. Бірақ сол сапарға бара жатқан жастар бір мезгіл өз ісін ой таразысынан өткізіп, не үшін умра қажылыққа бара жатқанын түсіне білген жөн. Ол мақтаныш рәсіміне айналмау керек. Олардың сол іс әрекетін көрген жастардың ертеңі қандай болады? Теріс қылықтарымен қоғамды бұзатындарды олар қалай қабылдайды? Діннің де естісі бар, есері бар. Қоғамда болып жатқан әр нәрсеге байыппен қарап, тура жолдан тайып кетпегеніміз дұрыс. Беймаза қазіргі қоғамда қандай діни ағымдар жоқ? Ертеден ата-бабаларымыз бойымызға сіңіріп кеткен имандылық жолынан, ресми діннен ауытқу жақсылыққа апармайды. Ол – қоғамды ыдыратып, алакөздікке, қақтығыс-конфликтке алып барады, тіпті мемлекеттер арасында соғыс отын жағып, қантөгіске апарып жатқанын көріп жүрміз. Содан бізді Құдай сақтасын.

Иманды болған жөн шығар, яғни иманды дәрігер, иманды инженер, иманды ғалым, иманды аспазшы болғанның артықтығы жоқ. Одан қоғам пайда көрмесе, зияндық көрмейді. Бірақ, ол шектен шығып, адамды дұрыс, таза жолдан тайдырып, бұлынғыр соқыр соқпаққа салып жіберуден абай болу керек-ақ. XIV ғасырда өмір сүрген Италия философы Николло Макиавелии «Патша» атты кітабында былай дейді: «Дінге сенетін жұртты басқару оңай, жаулап алу қиын. Мұндай елде патша қолындағы билігінен айырылып қаламын деп алаңдамайды. Өйткені ол қатып қалған Жаратушыдан түскен діни заңдарды қолданады. Кейін оның билігіне ешкім қарсы шықпайды. Оның себебі мынада: патшаның сөзіне қарсы шыққаның Жаратушыға қарсы шыққаның болып есептеледі. Мұндай елде патша билігінен айырылып қаламын деп еш алаңдамаса да болады: жұрт Құдайдың емес, патшаның айтқанына Құдайындай сенеді. Тек өзіне сенімді, ұлы мақсаты бар ержүрек азамат қана мұндай жүйеге қарсы шыға алады», – дейді.

Ауруханада дәрігер болып қызмет еткеннен болар, күнде сабақ, практика тәжірибе алуға келген жергілікті медициналық колледждердің топ-топ болып жүрген студенттерімен жолығып, олардың іс-әрекеттері мен мінез құлықтарына, өздерін ортада ұстау әдептілігіне, сөйлеу мәдениетіне еріксіз көңіл аударасың. Бұрынғы студенттер қолдарына кітап, конспект жазылған қалың дәптер алып жүретін-ді. Ал қазіргі жастардың қолынан кітап пен ақ қағазды, қаламсапты көрмейсің. Олардың орнына – кез-келген дәрігерлердің қолы жете бермейтін қымбат, бағалы смартфон (ұялы телефон). Сұрақ қойсаң, «қазір, қазір, ағай…» деп асығып-үсігіп жауапты қолындағы телефоннан іздей бастайды. Оларға не айтуға болады?

Жоғары оқу орындарында сабақ беретін таныстарым да қазіргі студенттердің көбісінің білімге деген ынтасы төмен екенін, ізденбейтінін, оқымайтынын жасырмайды. Әке-шешесінің жиған ақшасын оңды-солды жұмсап, әйтеуір диплом алсам болды деп жүргендер саны басым. «Адам денсаулығының сақшысы, ақ халатты абзал жан» деп жүрген дәрігерлік мамандыққа барған жас ертең нені жарытады? Оның алдына келген науқастың ауруының түрін дер кезінде анықтау, дұрыс ем-шара тағайындау, хирургиялық ота жасау секілді жауапкершілік тұрған жоқ па? Білімнің бәрін интернет көмегімен алған, бастарында дәнектей білім жоқ, әлгі ертеде айтылатын «су ми, ақпа құлақ» дерсің.

Олардан ертең қандай мамандар шығады? Биыл облысымызда «Әулиеата – кітап оқитын өңір» бастамасы қолға алынды. Кітап – білімнің бастауы, білімнің бұлағы, тәрбие құралы. Осы қағиданы жастар бойына сіңірсек артық болмас еді. Өйткені, бірде-бір кітап бетін ашпайтын, газет-журнал оқымайтын жастар өсіп келе жатқанын көпшілік қынжыла жиі айтып келеді. Кітап тек білім берумен шектелмей, адамды тәрбиелейді, сана-ойын өсіреді, тілін дамытады. Британдық әлеуметтанушы Энтони Гидденс: «Біздің қоғам нашақорлар мен маскүнемдерден қашады. Оларды ұнатпайды. Болашақта ұялы телефонның зияны бұл екеуінен де асып түсерін адамзат әлі сезіне алған жоқ», десе, айфонның атасы Стив Джобс отбасы мүшелеріне үй ішінде ұялы телефон қолдануға тыйым салып, бос уақыттарын кітап оқуға жұмсайтын қатаң үрдіс қалыптастырғанын мәлімдесе, көрші қытайда ұялы телефонның зиянын бұқараға ескерту үшін Хэйхэ қаласының орталығына «Смартфон ұстаған үлкеннен кітап құмар бала артық» деген ойды ишара етіп үлкен ескерткіш орнатыпты. Сондықтан, жастардың кітап оқуына көңіл бөліп, оларды қызықтыра білсек қандай ғажап? Барлық қызық дүние, білімнің терең түбі осы кітаптарда емес пе?

Демек, балаларымызды кітап оқуға дағдыландырып, оларды қызықтырып, ішкі дүниесін рухани байытып, оның не оқып жүргенін қадағалап отырғанымыз артық емес. …Кешкісін жұмыстан үйге қайтып келе жатып қала орталығындағы саябақтан өтемін. Шаһар орталығы болғаннан кейін болар, мұнда топ-топ болып жүрген жастарды жиі көруге болады. Олардың сыртынан, киім киюлеріне қарап көңілің толады. Еріксіз жалындап өткен қызыққа толы жастық шағың еске түседі. Бірақ қазіргі жастардың не айтып бара жатқанын естігенде өз құлағыңа өзің сенбейсің.

Ауыздарынан ақ ит кіріп, көк ит шығып, былапыт, боқауыз сөздер қардай борап жатады. Көрікті қыздардың, жас жігіттердің сол бейпіл сөйлеуін естіп, «Бұлар тәрбиені кімнен алған? Қандай ортада өскен?» деген сұрақтар санаңда туындайды. Тіпті адамдардан еш қысылмай, темекі түтінін мұрнынан будақ-будақ шығарып, аузынан бұрқ-бұрқ еткізіп, айналасынан ұялмай аймаласып-құшақтасып, еш қысылмай сүйісіп тұрғанын көріп, түңілесің. Олардың келешегін ойлап бетіңнен от шығады. Некесіз бала көтеріп жатқандары қаншама? Сөйтіп жеңілтек қылығымен олар шоқ басып жүрмесіне кім кепіл? Әлгі қыздардың да мәпелеп өсірген, жанынан артық көретін ата-анасы бар болар. Аялап жүрген қыздарының мына теріс қылықтарын олар біле ме екен?

Кешкі кез-келген тойханаға барсаңыз, жалаңдап жүрген уыздай жас даяшыларды көресіз. Олардың көпшілігі мектеп оқушылары немесе колледждің студенттері. Кешкі, түнгі кафелер мен тойханаларда қызмет етіп нәпақаларын тауып жүрген жастар аз емес. Түн жарымына дейін жұмыста жүрген әлгілер тиісті сабағын қашан оқиды, қашан оған дайындалып үлгереді? Қалғып-мүлгіп оқыған олар ертең қандай маман болып шығады? Неге осы мәселеге олардың ата-аналары көңіл аудармайды? Тіпті олардың басқа теріс жолға түсіп кетуі әбден мүмкін емес пе? Базбір мәліметтер бойынша (Amanat партиясының Жамбыл облыстық филиалының білім және денсаулық сақтау комиссиясының 4.03.2024 күнгі отырысында келтірілген мәлімет), тек 2024 жылы облысымызда 193 кәмелетке жасы толмаған қыз жүкті болып қалыпты, яғни 2023 жылмен салыстырғанда 1,5 есе өсіпті.

Осындай келеңсіз жайттар қатарына Тараз қаласынан 79 жас қыз тіркеліпті. Ойлана беріңіз, әрі қарай олардың тағдыры не болмақ? Расында, терең ойланатын мәселе… Қаладағы колледждер мен университеттерде білім алып, оқитындардың басым көпшілігі ауылдан келген жастар. Қалаға келгеннен кейін тым еркінсіп, «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» жоқтығын сезініп, оқуды екінші орынға ығыстырып, «қала жастары осындай болу керек екен» деп бейберекет жүріп, бейпіл сөйлеп, теріс, жөнсіз қылықтарға беріліп, көргенсіздік жолына түсіп кеткені қаншама? Олар ертең ата-анасының нағыз соры емес пе? Ұл өсірдік, қыз өсірдік деп олардың болашағына сенім артып отырған әке шешеге ол ащы запыран, жазылмас күйік емес пе? Тіпті дінді уағыздаушылардың сөзіне еріп, шетел асып, жат елдің соғыс даласында шейіт болып жатқандарына кім кінәлі? Осының барлығы жиналып келіп саналы адамның көңіліне қаяу түсіреді, терең ойға батырады. Жасырмаймыз, жастардың тәрбиесінде бұл күндері кемшілік көп.

Ата-аналардың біразы одан сырт қалып, бар жауапкершілікті мектепке артып қойған. Бұл – үлкен кешірілмейтін қателік. Мектеп ұстаздары балаларға тиянақты білім беруге міндетті. Ал оларды тәрбиелеу ата-ана мойнындағы парыз, аса биік жауапкершілік. Көрнекті ақынымыз Мағжан Жұмабаев «Жас бала – жас бiр шыбық, жас күнде қай түрде иiп тастасаң, есейгенде сол иiлген күйiнде қалмақ» деп тұжырым жасаған екен.

Бүгінгі жас ұрпақты бала шақтан, яғни ерте жастан ұлттық құндылықтарға сүйене отырып тәрбиелеу керек. Бүгiнгi дұрыс тәрбие алған жастар – болашақта жақсы азаматтар. Баланың жақсы болуы да, жаман болуы да отбасынан, ата-анасынан, көрген үлгі-өнегесінен, өскен ортасынан. Жастар тәрбиесі, олардың өз ортасында мәдениетті болуы, рухани баюы, санасының жетілуі, ұлтжандылығы, еңбексүйгіштігі, ізетті де инабатты мінезді, білімді де білікті болып қалыптасуы қазіргі қоғамдағы өзекті мәселе екенін естен шығармайық. Сондықтан, ол мәселе күнделікті өмірімізден сырт қалмауы керек. Қоғамдағы келеңсіз, жағымсыз, теріс істер жастар тәрбиесінде жіберген кемшіліктерімізден туындайды. Соны ұмытпайық, ағайын!

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ

медицина ғылымдарының докторы, профессор, Amanat партиясының облыстық филиалының білім және денсаулық сақтау комиссиясының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Тараз қаласы

aqjolgazet.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.