Періштелер мекеніндегі перзент сақшысы – Шұғыла Орынбай
Медицина саласы – адам өмірімен тікелей байланысты, үлкен жауапкершілікті талап ететін маңызды сала. Осы саланың жүрегі деуге болатын мамандықтардың бірі – медбике. Олар науқастарға күтім жасап қана қоймай, олардың сауығып кетуіне барынша қолдау көрсетеді. Мейірімділік, сабырлылық пен кәсіби біліктілікті қатар талап ететін бұл мамандық иелері қашанда қоғамның ерекше құрметіне лайық.

Өңірімізде осындай ақ халатты абзал жандардың бірі – жас медбике Шұғыла Орынбай. Ол бүгінде Жамбыл облыстық перинаталдық орталығының неонатология бөлімінде, нақтырақ айтқанда, реанимация бөлімінде қызмет атқарады. Әрдайым адам жанының арашашысы болуды мақсат тұтқан жас маман өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарайды.

Әрине, медбике мамандығы бір қарағанға қатардағы кәсіптердің бірі болып көрінуі мүмкін. Тіпті, кейбірі бұл саладан ауыртпалығы мен жауапкершілігінен қашатыны да жасырын емес. Алайда, Шұғыла Жандосқызы бұл жолды жүрек қалауымен таңдаған жан. Ол үшін медицина – жай ғана жұмыс емес, өмірлік ұстаным.

Қашанда ақпарат құралдарында әр саланың майталман мамандары таныстырылып жатады. Ал тасада жүріп, періштелер мекенінде тынымсыз еңбек етіп жүрген жандардың еңбегі көп жағдайда елеусіз қалатынын жасыруға бола қоймас. Бүгінгі мақаламызда дәл осындай мамандардың бірі – неонатология бөлімінің жас медбикесі Шұғыла Орынбайды оқырманға таныстыруды жөн көрдік. Себебі, қоғам осындай еңбек адамдарының қызметін біліп, бағалауы тиіс.

Орынбай Шұғыла Жандосқызы 2004 жылдың 19 қыркүйегінде Жамбыл облысы, Байзақ ауданына қарасты Мәдімар ауылында дүниеге келген. Ол Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектепте білім ала жүріп-ақ, болашақ мамандығын анықтап, медицина саласын таңдаған. Жас маман өз тәрбиесі мен таңдаған жолында ата-анасының қолдауы ерекше рөл атқарғанын атап өтеді. Адал еңбек пен адамгершілік құндылықтарды бойына сіңірген ата-анасының сенімі – оның басты мотивациясы.
– Медицина саласына бала кезімнен қызықтым. Қуыршақтарымды «емдеп», ойыншықтарымды медициналық құрал ретінде пайдаланатынмын. Бұл – сол кездің өзінде болашағыма жасалған алғашқы қадамдарым деп ойлаймын. Өсе келе медбике болғым келетінін ата-анама айттым. Олар бұл таңдауымды қолдап, сапалы білім алуыма бар жағдайды жасады. Енді сол сенімді ақтау – менің басты мақсатым, – дейді Шұғыла.
Арманы мен мақсатын ұштастыра білген ол 2023 жылы Жамбыл жоғары медициналық колледжін «Медбике ісі» мамандығы бойынша тәмамдап, небәрі 18 жасында еңбек жолын бастады. Жас болса да, үлкен жауапкершілікті мойнына алуға дайын екенін сол алғашқы күннен-ақ дәлелдей білді.
Оқу орнын аяқтаған соң Шұғыла Жандосқызы Тараз қаласындағы Жамбыл облыстық перинаталдық орталықтың неонатология бөлімінің реанимациясында қызметке кірісті. Көпшілік үшін үрейлі көрінетін бұл бөлім жас маман үшін сабыр мен төзімділіктің, кәсіби шыңдалудың нағыз мектебі болды. Себебі, мұнда әр секунд, әрбір қабылданған шешім жаңа туған нәрестенің өміріне тікелей әсер етеді.
Бұл бөлімде салмағы небәрі 500 грамм болатын шала туған сәбилер де ем қабылдайды. Кей жағдайларда олардың өмірі үшін күрес апталап, тіпті айлап жалғасады. Осындай сын сәттерде нәрестенің аман-есен реанимациядан шығып, ата-анасының қолына табысталуы – медицина қызметкерлері үшін ең үлкен жеңіс. Осындай өмір мен өлім арпалысқан ортада қаршадай қазақ қызының еңбек етуі – нағыз ерлік деуге болады.
Жас медбикенің кәсіби қалыптасу жолында тәжірибелі әріптестерінің қолдауы ерекше. Шұғыла Жандосқызы Жамбыл облыстық перинаталдық орталығы бас дәрігерінің орынбасары Талғат Толықбаевқа, бөлім меңгерушісі Лора Асановаға, сондай-ақ реанимация бөлімінің дәрігерлері Мурат Рустемов, Шавкат Худайбергенов және Гүлдана Пошакаеваға көрсеткен қамқорлығы мен үйреткен тәжірибесі үшін алғысын білдіреді.
Қазіргі таңда періштелер мекенінде еңбек етіп жүрген жас медбикенің арманы асқақ, жоспары айқын. Ол болашақта дәрігерлік білім алып, медицина саласында кәсіби деңгейін арттыруды мақсат етеді. Оның айтуынша, медицина – тағдыр мен жүректің таңдауы.
Сөз соңында Шұғыла Жандосқызы медбике мамандығын таңдауға ниетті жастарға өз кеңесін де жеткізді.
– Қиындықтан қашпау керек. Дәл осындай бөлімдерде адам ретінде де, маман ретінде де өсесіздер. Реанимация адамды сындырмайды, керісінше шыңдайды. Ең бастысы – ниет пен жүректегі жанашырлық керек, – дейді ол.
Шынында да, медбике болу – тек ем-шара жасау емес, алдымен адам жанының арашашысы болу. Осындай жауапкершілігі мол жолды таңдаған жас маман Шұғыла Орынбайдың алдағы уақытта білікті дәрігер атанып, ел игілігіне қызмет ететініне сенім мол.
Өркенің өсе берсін, жас маман!