Атқарылған жұмыстар пысықталды

0 53
Қалалық ардагерлер кеңесінің құрылып, жұмыс бастағанына биыл 5 жыл толып отыр. Арыстан Байходжаев төрағалық ететін қоғамдық ұйым бұл аралықта ел игілігіне арналған талай бастамаларға ұйытқы болып, жалпыға ортақ мәселені реттеуде өз үлесін қосты.
Қалалық ардагерлер кеңесі алдағы уақытқа арнайы жоспар құрып, игі істерді жалғастыра түспек.
Қалалық ардагерлер кеңесінің 2025 жылда атқарылған жұмыстар бойынша есеп беру жиынында Арыстан Байходжаев іске асырылған шаруалар мен алда тұрған міндеттерге кеңінен тоқталды.
Жиынға облыстық ардагерлер кеңесінің мәдениет және жастар ісі жөніндегі кеңестің төрағасы Қажымұрат Исмайлов, облыстық ардагерлер кеңесінің төралқа мүшесі Үміт Битенова, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмабек Әсемов және қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері қатысты.
— Алға қойып отырған міндет көп. Ұшырасып жатқан мәселе де аз емес. 5 жыл ішінде ұйымның жұмысын жандандыру үшін күш салдық. Облыстағы ұйым мүшелерімен тәжірибе алмастық, Сарысу аудандық ардагерлер кеңесінің жұмысымен танысу үшін Жаңатас қаласына бардық. Жұмыс жүре түзеледі.
Қала әкімі Дархан Баймбетовпен бірлесіп көп жұмыс атқардық. Өртеніп, орны қалған бұрынғы пошта ғимаратының орнын тазартуға сеп­тігімізді тигіздік. Кадр мәселесі бізде тапшы. Қызметке осы ауданнан шық­қан азаматтарды тарту туралы талап қойып отырмыз. Атқаратын жұмыс көп,-деді жиында алда тұрған міндеттерге тоқталған Арыстан Мұқышұлы.
Өз кезегінде қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері Дениоз Русаловский, Медет Құдайбергенов, Ревхат Темірболатов, Молдияр Мырзахметов, Кеңес Түлешбаев және Ұлыш Шадаева төрағаның жылдық есебіне оң бағасын берді.
Сондай-ақ жиында облыстық ардагерлер кеңесі мәдениет және жасөспірімдер ісі жөніндегі кеңестің төрағасы Қажымұрат Исмайлов зейнеткерлерге тынығып, ем алу үшін шипажайлар мен сауықтыру орындарына барудың жолдарын түсіндірсе, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмабек Әсемов көптің игілігіне арналған ортақ міндетте бірлесіп жұмыс жасауға шақырды.
Нарбол Қашаған, Талас ауданы
Leave A Reply

Your email address will not be published.