Еңбек қатынастарын Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінде тіркеу қажеттілігі туралы
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек қатынастарының ашықтығы мен заңдылығын қамтамасыз ету мақсатында жұмыс берушілер ҚР Еңбек кодексіне сәйкес жұмыскерлермен жасалған еңбек шартын, оның тоқтатылуын, сондай-ақ еңбек шартына енгізілетін барлық өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінде (бұдан әрі – ЕШЕБЖ) тіркеуге міндетті екенін хабарлайды. Аталған талаптарды орындамау әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады.
Жұмыс берушілердің еңбек қатынастары туралы мәліметтерді ЕШЕБЖ-ға енгізу міндеті ҚР Еңбек кодексінің 23-бабы 2-тармағының 27) тармақшасында бекітілген.
Ағымдағы жылдың 22 қаңтарындағы деректерге сәйкес ЕШЕБЖ-да 6,3 миллионнан астам еңбек шарты немесе 91% тіркелген. Өңірлер бөлінісінде бұл көрсеткіш 85%-дан 95%-ға дейін ауытқиды.
Еңбек шарттарын ЕШЕБЖ-да тіркеу жұмыскер мен жұмыс беруші арасындағы еңбек қатынастарының бар екенін ресми түрде растауға мүмкіндік береді, бұл азаматтардың еңбек, әлеуметтік және зейнетақы құқықтарын сақтаудың негізгі шарты болып табылады. Атап айтқанда, электрондық еңбек шартының болуы жұмыскердің жалақыны уақтылы алуына, әлеуметтік төлемдерге, зейнетақымен қамтылуына, сондай-ақ еңбек даулары туындаған жағдайда құқықтық қорғалуына кепілдік береді.
Мемлекеттік еңбек инспекторлары ЕШЕБЖ деректерін еңбек шарттарының бар-жоғын талдау, рәсімделмеген және жасырын жұмыспен қамту тәуекелдерін төмендету, міндетті зейнетақы жарналары мен өзге де әлеуметтік төлемдердің аударылуын бақылау үшін пайдаланады. Осылайша, қандай да бір сәйкессіздіктер анықталған жағдайда мемлекеттік инспекторлар жұмыскерлердің құқықтарын қорғау бойынша жедел шаралар қабылдай алады.
Жұмыскерлер үшін электрондық еңбек шарттары жүйесін пайдалану жұмысқа орналасу процесінің барлық кезеңдерін едәуір жеңілдетеді, соның ішінде құжаттар жинау қажеттілігі жойылады. Сонымен қатар, қағаз түріндегі еңбек кітапшасын жүргізу қажеттілігі де болмайды, себебі жұмыскердің еңбек қызметі туралы барлық деректер ЕШЕБЖ-да көрсетіледі.
Жұмыс берушілер үшін кадрлық іс жүргізу, соның ішінде жұмыскерлерді қабылдау және ауыстыру процестері оңтайландырылады. Үміткердің электрондық жеке ісіне қол жеткізу арқылы жеке куәлік, білім туралы диплом, еңбек қызметі, еңбек өтілі мен біліктілігі жөніндегі сенімді деректерді алуға мүмкіндік туады. Нәтижесінде кадрларды іріктеу сапасы айтарлықтай артады.
2025 жылдан бастап «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің нормаларына сәйкес ЕШЕБЖ-ға жасалған еңбек шарттары туралы мәліметтерді енгізбеген немесе оларды уақтылы енгізбеген жұмыс берушілерге айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілік қолданылатын болады.
Еске саламыз, еңбек шарттарын тіркеу Электрондық еңбек биржасының жұмыспен қамтудың цифрлық экожүйесінің бір бөлігі болып табылатын hr.enbek.kz еңбек ресурстары порталында жүзеге асырылады. Бұл экожүйе азаматтарды кәсіби жолында – мамандық таңдаудан бастап еңбек қатынастарын ресімдеуге дейін – сүйемелдейді. Бір ғана пайдаланушылық тіркелу арқылы азамат портал немесе Enbek.kz қосымшасында жұмыс таба алады немесе жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік қызметтерді пайдалана алады, Skills.Enbek.kz онлайн-оқыту платформасында жаңа дағдыларды меңгере алады, сондай-ақ Business.Enbek.kz порталында бизнес ашуға арналған мемлекеттік грант ала алады.
Сонымен қатар, порталдың функционалын Enbek HR мобильді қосымшасы арқылы да пайдалануға болады.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі