Ұлт болашағын айқындаған Құрылтай

0 25
Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы Солтүстік Арал теңізін сақтау және Қазақстанның су-энергетикалық әлеуетін дамыту мәселелеріне ерекше назар аударды.
Соңғы жылдары су дипломатиясының және Сырдария өзеніндегі су қоймаларының келісілген жұмыс режимінің арқасында Солтүстік Аралға тұрақты түрде су келуін қамтамасыз ете алдық. Нәтижесінде теңіз көлемі 2023 жылдың басындағы 18,4 млрд текше метрден бүгінде 23 млрд текше метрге дейін жетті.
Қазіргі уақытта Солтүстік Аралды сақтау жобасының екінші кезеңін әзірлеу жұмыстары аяқталуға жақын. Бұл кезең аясында Көкарал бөгеті реконструкциядан өткізіліп, теңіз деңгейі Балтық жүйесі бойынша 44 метрге дейін көтеріледі. Нәтижесінде су айдынының аумағы 3 913 шаршы шақырымға дейін ұлғайып, жалпы су көлемі 34 млрд текше метрге жетеді. Теңізді осы деңгейге дейін толтыруға 4-5 жыл қажет.
Сонымен қатар министрлік Түркістан және Қызылорда облыстарындағы Арал-Сырдария бассейнінің ирригация жүйелерін жаңғырту және автоматтандыру бойынша 167 жобаның жобалық-сметалық құжатын әзірлеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Су үнемдеу технологиялары да белсенді түрде енгізіліп келеді. Соңғы жылдардың қорытындысы бойынша Түркістан және Қызылорда облыстарында 143,1 мың гектар аумақта заманауи суару жүйелері енгізіліп, шамамен 500 млн текше метр су үнемделді.
Арал теңізін сақтау мәселесі мемлекеттік су саясатының басым бағыттарының бірі болып қала береді. Былтыр Өзбекстан Республикасымен трансшекаралық су нысандарын бірлесіп басқару және ұтымды пайдалану туралы келісімге қол қойылды. Бұл – ондаған жылға созылған келіссөздердің нәтижесі. Осылайша Қазақстан трансшекаралық су мәселелері бойынша барлық көршілес мемлекетпен құқықтық базаны қалыптастыруды толық аяқтады. Оның аясында тұрақты өзара іс-қимыл мен үйлестіруді қамтамасыз ететін екіжақты комиссиялар құрылып, жұмыс істеп келеді.
Қазіргі уақытта Көкарал бөгеті жобасы мен басқа да бастамаларды іске асыру үшін халықаралық қаржы ұйымдарымен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Солтүстік Аралды сақтау және қалпына келтіру – тек экологиялық емес, сонымен қатар әлеуметтік әрі стратегиялық маңызы бар міндет.
Су ресурстарының энергетикалық әлеуетін дамыту үшін біз экономиканың барлық саласы үшін ұзақ мерзімді мемлекеттік су саясатын жоспарлау құжаттарын әзірлеп жатырмыз. Бірінші кезеңде Су ресурстарын қорғау және пайдаланудың бассейндік жоспарлары әзірленеді, оны аяқтау осы жылдың соңына жоспарланған. Екінші кезеңде Су ресурстарын кешенді басқарудың бас жоспарын әзірлеу басталады, оны аяқтау 2027 жылдың үшінші тоқсанына жоспарланған.
Сонымен бірге Энергетика министрлігі және жеке инвесторлармен бірлесіп, ГЭС және ГАЭС салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мемлекеттік-жеке әріптестік аясында Өгем өзенінде гидроэлектр станциялары каскады бар су құбырын салу жобасының құжаты әзірлене бастады. Жоба жыл сайын 110 млн текше метр ауыз су жеткізуді және 72 мегаватт-сағат көлемінде электр энергиясын өндіруді көздейді.
Шығыс Қазақстан облысы мен Жетісу облысындағы Кіші Оба, Қалжыр, Көксу, Тентек және Лепсі өзендерінде орналасқан бес ГЭС-ті стратегиялық маңызы бар су шаруашылығы және гидротехникалық нысандар тізіміне енгізу туралы Үкімет қаулысының жобасы әзірленді.
«Қазсушар» РМК республикалық меншіктегі гидротехникалық құрылыстарда шағын ГЭС санын арттыру бағытында жұмыс жүргізіп жатыр. Қазіргі таңда шағын гидроэлектр станцияларын орналастыруға әлеуеті бар 5 су қоймасы мен 24 магистральдық канал іріктеліп алынды. Қарағанды облысындағы Самарқанд су қоймасы, Ақтөбе облысындағы Қарғалы су қоймасы және Шығыс Қазақстан облысындағы Қаракөл су қоймасы бойынша жобалық-сметалық құжат әзірленіп жатыр.
Leave A Reply

Your email address will not be published.