«Қатыным боласың»: 4 жылға созылған сталкинг және қорқынышпен өтіп жатқан өмір

0 33

Қарағанды қаласында тұратын қызды бір жігіт 4 жыл бойы мазалап келеді.

2025 жылғы 16 шілдеде Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне «Сталкинг» қылмысы бойынша 115-1-бап енгізілді. Бұл бап адамды оның еркінен тыс үнемі аңду, мазасын алу немесе араласуға  мәжбүрлеу секілді қылмыстарды қарайды. Өзін аңдыған жігіттің қолынан қаза тапқан Нұрай Серікбайдың өлімі де елде ерекше резонанс туғызды. Қазіргі кезде Қарағанды өңірінің бір қызы дәл солай өзін аңдыған жігіттен қорқып, үреймен күн кешіп жатыр. Жігіт қызды 4 жыл бойы мазалап келген.

Qaz395.kz редакциясы жәбірленушінің өкіліне хабарласып, істің мән-жайын сұрастырды.

Жәбірленуші қатты қорқып қалған. Тіпті журналистермен сөйлесуге батылы жетпеді. Барлық ақпаратты тек оның заңды өкілі — заңгер, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен жүзеге асырылатын «Азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау» жобасының үйлестірушісі, Human Rights Lawyers президенті Ләззат Рақышева жеткізіп, жағдайды түсіндірді. Заңгердің айтуынша, қыздың үрейі негізсіз емес. Үнемі аңду мен қысым оған психологиялық тұрғыдан ауыр салмақ түсірген, әрі қауіптің нақты бар екені айқын көрініп тұр. Оның сөзінше, жігіт қызды 2024 жылдан бастап мазалаған. Хаттар мен желіде аңдудан соң, 2023 жылы жігіт қыздың үйіне әкесінен қолын сұрауға келеді. Қыз түбегейлі бас тартады.

«Бұл қыз қорқып тұр. Әбден қорқытқан ғой. Қыз Қарағандынікі. Жігіт 2022 жылдан бастап қыздың Instagram парақшасына, әлеуметтік желілерге жаза бастаған. «Сен маған ұнайсың» деп. Бірақ қыз көрмеген. Қайта-қайта жаза берген соң, бүкіл әлеуметтік желілерін қараса, бәріне «ұнайсың» деп жазып шыққан екен. 2023 жылдан бастап Whatsapp-қа жаза бастайды. Қыз сөйлесуден бас тартып, мүлде сөйлеспейді. Бұл қыздың үйіне апайларымен 2023 жылы қолын сұрап келеді. Құда түспек болады. Қыздың әкесі айтады: «Мен қарсымын. Себебі қызым қарсы. Мен қызымның айтқанын істеймін. Мұндай жағдайға жол бермеймін. Қызым бас тартқан болса, демек сіздерге жоқ дегені» дейді. Бірақ та жігіт қыздың жоқ дегенін қабылдамайды. Қызды аңдиды», — дейді заңды өкіл.

Осыдан кейін жігіт «жоқ» деген сөзді қабылдамай, аңдуды жалғастыра берген. Қыздың жұмыс орнына келіп, артынан айқайлап, қорқытып, әріптестері мен күзетшілердің көзінше мазалаған. Қыз үйінің мекенжайы белгілі болған соң, туыстарының үйіне көшсе де, ол жаққа да барған.

«Жігіт оның жұмысына барады. Сол жерде күзетшілер де көреді, әріптестері де көреді. Бірақ бұл жігіт қой дегенді ұқпай, «бәрібір сен менің қатыным боласың» деп артынан айқайлап, аңдып жүреді. Үйін білген соң, қыз амалсыз басқа туыстарының үйіне барып тұрса да барған. Көлігімен жұмысына, достарының көлігімен де келеді екен. Кейде 4-5 еркекті салып алып келген. Сол мүмкін алып қашудың амалдарын іздеп жүрген сияқты. Қыз әріптестерінен «жұмыстан бірге шығайықшы» деп сұрауға мәжбүр болған», — дейді Ләззат Рақышева.

Аңду мұнымен де тоқтамаған. Жігіт TikTok пен Instagram желілерінде қыздың суреттерін пайдаланып, жалған видеолар жасап, оларды жұп ретінде көрсеткен.

«Бір күні әлеуметтік желіні көрсе, TikTok желісінде қыздың суретінің бәрін шығарып алып, өзінің парақшасвна қойып қойыпты. Құдды бір қыз бен жігіт сияқты видео монтаж жасап жазбаларды қалдырып отырады. Мен өз көзімен бүкіл дәлелдерді көрдім. Whatsapp-қа мазалап жігіттің жазған хаттарын көрдім. TikTok, Instagram желілеріндегі хаттарының бәрін көрдім», — дейді ол.

Ләззат Рақышеваның айтуынша, сталкингке дер кезінде тосқауыл қойылмаса, оның соңы зорлық-зомбылыққа алып келуі әбден мүмкін.

«Егер сталкингке дер кезінде тоқтау қойылмаса, ол соңы зорлыққа әкелуі мүмкін. Мұндай жағдайда қыздың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төнеді. Нұрайдың өлімі – соның ауыр дәлелі. «Некеге мәжбүрлеу» туралы заң – өте қажет. Ол қызды қорқытып, қысым жасап, еркінен тыс тұрмысқа шығуға мәжбүрлеуге жол бермеу үшін. Мұндай жағдайларды «екеуінің арасындағы мәселе» деп қарауға болмайды. Қауіп алғашқы белгілерден-ақ басталады. Заң ерте қолданылса, осындай қайғылы оқиғалардың алдын алуға болады», — деп түйіндеді Ләззат Рақышева.

Оның айтуынша, полиция арыздарды дер кезінде қабылдап, істі жан-жақты тергеуі тиіс. «Құрамы жоқ» деген сылтаумен жабылған әрбір іс ертең қайғылы жағдайға жол ашуы мүмкін.

Еске сала кетсек, Qaz365.kz редакциясы бұған дейін Нұрай Серікбайдың туысқан ағасынан сұхбат алған болатын.

Коллаж: ЖИ арқылы жасалды
qaz365.kz
Leave A Reply

Your email address will not be published.