АҚШ әскерін алып кетуге асығар емес

0 364

АҚШ Президенті Джо Байден Ауғанстандағы әскерді елге қайтаруға асығар емес. Ол әскерді тек алдағы қыркүйекте қайтаруды көздеп отыр. Әскерді қайтару жөніндегі бұл шаралар бұған дейінгі президент Дональд Трамп пен Ауғанстандағы ірі қозғалыс – Талибан арасындағы келісім аясында жүзеге асырылмақ.

«Әскери саясатты қайта қа­раған мемлекет басшысы ақы­рында Ауғанстандағы әскери  күшті елге қайтару туралы шешімін қабылдады. Осылайша, 20 жылға жуықтаған шиеленіске нүкте қойылмақ», деген мәлімдеме жасады АҚШ президентінің баспасөз қызметі.

Бір қызығы, бұл операция әл-Каиданың 2001 жылы АҚШ-та жасаған үлкен шабуылынан кейін 20 жыл өткен соң қолға алынып отыр. Дәл осы терракт Ауғанстандағы соғыстың басталуына сеп болған-ды.

Трамп әкімшілігі орнатқан келісім бойынша Ауғанстандағы АҚШ әскері биыл мамырда елге қайтарылуы тиіс. Дегенмен Д.Байден олар әзірге сонда қалып, 11 қыркүйекте елге келеді деген шешімін хабарлады. Оған қоса 2 500 жауынгерді елден шығару қиын әрі қауіпсіз болмайтынын айтты.

Дегенмен АҚШ тыныш кетер емес. Жауапты тұлғалар Талибанды әлі де елде қысым көр­сетеді деп айыптайды. Со­нымен қатар олардың әл-Каи­дамен байланысын әшкерелеуге тырысып бағуда. АҚШ тарапы талибтердің лаңкестік топпен серіктестікті жалғастырып жатқанына сенімді.

Бұл айыптауларға қатысты талибтер жауапсыз қалмады. Олар былтыр Ауғанстандағы барлық сыртқы күш, яғни АҚШ әскерімен қоса НАТО-ға мүше елдердің өкілдері 1 мамырға дейін елден шығарылмаған жағ­дайда қысым көрсетіп, қар­сылықтарын қайта жал­ғас­тыратынын хабарлады. Оған қо­са олар 16 сәуірде Ыстанбұлда өткі­зілуі керек конференцияға қа­тыспай­тын­дарын айтып, бұл шешімін нықтай түсті. Келіс­сөзге келуші елдердің сұрағына «Елдегі сыртқы күштер толықтай шығарылса, халықаралық келіссөздерге қатысамыз» деп жауап берді.

Жоғарыда айтып өтке­ні­міздей, бүгінгі күні Ауғанстан аумағында америкалық 2 500 жауынгер бар. Одан бөлек НАТО-ға мүше елдердің 9 600 әскери өкілі орналасқан.

Кішігірім тарихи шегініс жасайтын болсақ, АҚШ-тың Ауғанстанға интервенциясы 2001 жылы қазанда бастау ал­ды. Сол кездегі президент Джордж Буш Ауғанстанның 11 қыркүйектегі шабуылынан кейін бірнеше аптадан соң әскер жіберді. Осылайша, бұл АҚШ тарихындағы ең ұзақ шетел­дік әскери науқанға айна­лып отыр. Дегенмен бұл опера­цияның пайдасымен қатар зиянын да атап өткен жөн. Мәселен, Вашингтонның қолдауымен талибтер режімі құлап, жаңа билік орнағанымен, елде партизандық соғыс басталды. Азаматтар халық­аралық коалицияға қарсы шығып, оның соңы үлкен азамат­тық қарсы­лыққа ұласты. 10 жыл­дан кейін Ауғанстандағы АҚШ әскерінің саны тіпті артты. 2010 жылдары жауынгер саны 150 мыңға жақындады. Әске­ри кон­тингент санын азайту жұ­мыс­тары тек 2014 жылы басталды.

Басқа елде әскер ұстау қыруар қаржыны талап ететінін белгілі. Әскер саны 100 мыңнан асқан 2010 жылдары АҚШ жыл сайын 100 млрд АҚШ долларын бөліп отырған. АҚШ үкіметінің мәліметіне қарасақ, 2016 мен 2018 жылдар арасында 40 млрд АҚШ доллары, ал 2019 жылы 38 млрд АҚШ доллары жұмсалған.

АҚШ Қорғаныс министрлігі Ауғанстандағы соғысқа 2001 жылдың қазанынан 2019 жыл­дың қыркүйек айына дейін 778 млрд АҚШ доллары жұм­салды деген мәлімет жариялайды. Қосымша жұмыстарға тағы 44 млрд АҚШ доллары кеткен. Соны­мен 20 жылға жуық уақыт­та АҚШ бұл саясатын жүргі­зуге 822 млрд АҚШ долларын бөлген. Тәуелсіз зерттеу инсти­туттары зерттеу жүргізе келе, бұл сандардың шындыққа жанаспайтынын айтады. Олардың ойынша жұмсалған қаржы әдейі аз көрсетілген.

Негізгі қаражат әскерді қам­ту, медициналық көмек көрсету мен өтемақы төлеуге бағыт­тал­ған. Сонымен бірге 86 млрд АҚШ доллары Ауған ұлттық әскерін, полициясын және басқа да қауіпсіздік күштерін құруға жұмсалған.

Әлбетте, аталған жұмыс­тардан бөлек АҚШ жүргізген саясаттың ішінде есірткімен күрес те үлкен қаражат қажет етеді. Материалдық шығыннан бөлек, осы жылдар ішінде АҚШ Ауғанстанда 2 300-ден астам жауынгерін жоғалтқан.

Батыс қанша жерден араласса да талибтер өз күшін дәлелдей білді. Соңғы жылдары олардың айбыны асқақтағаны сонша, Ауғанстан жерінің көп бөлігін өз басқаруына алды. Байденнің әскерді қайтару ісін белгіленген мерзімнен кешіктіре түсу себебі осымен байланысты деген ой туындайды. Өйткені ол жақтан жауынгерлерін қайтаратын АҚШ өз талабын жеткізген-ді. Талибан болса талаптың бар­лығымен келіспей отыр. Сарап­шылар АҚШ-тың әскери имиджіне нұқсан келмеуі үшін Байден талаптар толық орындалмайынша, әскерін шығармайды деген пікір айтады.

АҚШ-тың шиеленіске толы Ауғанстаннан кетуі ондағы Талибан қозғалысының кү­шеюіне алып келеді деген пікір көп. Бүгінде Талибан шетел­дік әс­кер­мен текетіресті тоқтатқа­ны­мен, Ауғанстан басындағы би­­лік­­пен ортақ келісімге келер емес.

Екі жақтың талаптарына тоқталар болсақ, сотталған 5000 талибті Ауғанстанға қайтару келісім аясында қарастырылған. Ал Талибан болса елдегі басқа да исламистермен күресті жал­ғас­тырып, ел билігімен келі­сім­ге келуге міндетті. Екі ел ара­сындағы келісім баяу жүргі­зілуде.

АҚШ-ты техникалық не логистикалық шектеулер емес, саяси мәселелер мазалайтыны белгілі. Оған қоса Джо Байден әскер кеткеннен кейін туындайтын вакуум басқа геосаяси ойыншылармен толтырылуы мүмкін деген болжамын жасырмайды. Ал жаңа ойыншылар АҚШ сая­сатын жақтаушылар болып шығуы екіталай. Оған қоса Ауғанстанның Иран, Қытай, Пәкістан сынды көршілерінің өз стратегиясы барын естен шығармаған жөн. Сондықтан дәл қазір Ауғанстандағы ахуал­дың келешегіне қатысты болжам жасау қиын.

egemen.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.