Таулы аймақтағы ауылдардағы ахуал
Таулы аймақтардағы ауылдарда қыстың қарбаласы еселеп артатыны белгілі. Өзіне тән табиғат ерекшелігі мұнда арқаны кеңге салуды көтермейді.

Сондықтан біз Қаратау және Қасқабұлақ ауылдарындағы ахуалды білу мақсатында ауыл әкімдері Мұрат Несіпбаевпен және Жардис Үсейновпен хабарласқан едік.
— Ауылымызға қалыңдығы 20 сантиметрден астам қар түсті. Осындай табиғаттың тосын мінезінің салдарымен күресу мақсатында ауылдағы техникасы бар шаруа қожалықтарымен алдын ала келісім-шарт жасағанбыз. Соның нәтижесінде «Тілес» шаруа қожалығының төрағасы Жамбыл Дәуренбеков, ауылдың белсенді, жанашыр азаматы Бағдат Бекбердиев және Қараой ауылынан «Шәріп» шаруа қожалығының төрағасы Талғат Шәріпұлы белсенділік көрсетті.
Жалпы қар тазалау жұмыстарына 4 техника жұмылдырылды. Соның нәтижесінде ауылішілік, аудандық мәндегі 24 шақырым жол тазаланды, — дейді Мұрат Төлеуұлы.
— Біздің ауыл аймақта 30 шақырымға жуық жолдар қардан тазартылды. «Асан» шаруа қожалығының техникасымен бірге «Шолақтау» тау-кен өңдеу кешенінің қуатты техникасы да көмекке келді. Осы кәсіпорынның басшысы, аудандық мәслихаттың депутаты Құдиярбек Омаров қашан да көмек қолын созуға дайын.
Құдиярбек ағамыз берген техникамен Есейхан ауылына дейінгі жолды да тазалап алдық,-дейді Жардис Исмайлұлы.
Осылайша әкімдер ауылдарындағы ахуалдың қалыпты екендіктерінен хабардар етті.